ТКШ

Петропавлда қоқыс шығару тарифі өзгерді

Алдымен жиында қалалық бюджет жайы қаузалды. Алдын ала әзірленген жоспарға сүйенсек, 2022 жылы қазынаға 17 млрд теңге салық түседі. Ал салықтық емес кірістердің көлемі 63 млн теңгені құрамақ.

Александр Казанцев,, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Әлеуметтік салық бойынша сұрағым бар. Ең төменгі еңбекақы өскенін ескерсек, бұл әлеуметтік салық есептеулеріне қалай әсер етті?

Жасұлан Байқанов,  Петропавл қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Салықтар көбейді. Болжам бойынша шамамен 8 млрд теңгеге өсті. Бұл деректі басқарма берді.

Келесі мәселе – тарифке қатысты. Қоқыс шығарумен айналысатын жергілікті кәсіпорындар тұрмыстық қатты қалдықты жинау және тасымалдау бойынша бекітілген бағаны өсіруді бірнеше рет сұрапты. Бұл өтінішті арнайы комиссия бақылауға алып, зерттеу жүргізген. Нәтижесінде төленіп келген сома шығындарды жаппайтыны жайлы шешім шығарған.

Айдын Мәкенов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Тариф қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорындардың өкілдерімен бірге қаралып, шешім шығарылды. Енді көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын адамдар – 350 теңгеден, жеке сектордағылар 380 теңгеден төлемек. Ал заңды тұлғалар 1 текше метр үшін 2900 теңге төлейді.

Александр Казанцев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы:

Жанар-жағармай бағасы әжептәуір өсті. Өткен кезеңмен салыстырғанда шығындардың бәрі артты. Ондағы еңбекақы да мардымсыз. Тарифті қабылдау керек, әйтпесе қала қоқысқа толып кетеді.

Қабылданған тариф қоқыс шығаратын кәсіпорындарға өз жұмыстарын уақытылы және сапалы атқаруға мүмкіндік бермек.

Байболат Култанов