ТКШ

Петропавлда қар тазалау жұмыстарына қарқын қосылды

Қала көшелерін қардан тазалауға 100 адам мен 50-ден астам техника жұмылдырылған. Көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін коммуналдық қызметкерлер жұмыстың басым бөлігін түнгі 10 мен таңғы 5-тің аралығында атқарады. Осы орайда қалалық әкімдік өкілдерінің шаһар тұрғындарына айтар өтініші бар.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

Тұрғындардан, әсіресе, көлік жүргізушілерінен түнгі уақытта жол бойына көліктерін тастамауларын сұраймыз. Себебі, көліктеріңіз ауыр техникаға кедергі келтіреді және сол жерлер дұрыс тазаланбай қалады.

Биыл облыста жауған ақ ұлпаның қалыңдығы былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Аз-кем статистикамен бөлісейік. Өткен жылы желтоқсанның 20-сына дейін өңірге қалыңдығы 20,5 мм-лік қар түсіпті, ал биылғы көрсеткіш 16 мм-ді құрайды. Коммуналдық қызметкерлер көшелерді тазалаумен қатар, қауіпсіздік шараларын қатар атқаруда. Олар жолдарға құм-тұз қоспасын себуде.

Қазір ауа райы жылы болғандықтан жолдың үсті аздап тайғанақ. Құмды көбірек сепсе жақсы болар еді.

Осы маңайда тұрамын. Техникалар жауған қарды түнімен тазалап қояды. Күнде көріп жүрмін.

Сөз соңында Қазгидромед мамандарының болжамына кезек берейік. Синоптиктердің сөзінше, желтоқсанның 21-і мен 23-і аралығында облыс аумағында сырма жүреді, тұман түсіп, көктайғақ болады. Ал қар жаңа жылға дейін аз жауады.

Бердимурат Баймухан