Қоғам

Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне сыйлықтар үлестірілді

Биылдыққа жауынгерлік өнер қауымдастығының өкілдері отбасылық үлгідегі балалар ауылының ұл-қыздарын осыменен 2-ші рет қуантуда. Бұған дейін жақсылық жасауға жаны құмар жандар Наурыз мерекесі қарсаңында балаларға тәтті-дәмділер мен сыйлықтар тарту етіп, мерекелік көңіл күй сыйлапты. Бүгін де бұл үрдіс қайталануда. Қазір балаларға кәмпит пен ойыншық толы дорбалар таратылып жатыр.

Иван Ван-Хон-Тун, СҚО бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығының жетекшісі:

Әуел баста осы шараны клубымызда өткізбекші болған едік, карантиндік шектеулерге байланысты бұл мүмкін болмай қалды. Есесіне, осында келіп, балалар ауылының тәрбиеленушілеріне сыйлықтарымызды беріп жатырмыз. Балалардың жүздері нұрланып, шат-шадыман күйде.

Бұл акцияны жауынгерлік өнер қауымдастығының өкілдері Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап өткізуде. Айта кету қажет, жақсылық жасауды жанына серік еткен азаматтар отбасылық үлгідегі балалар ауылымен қатар, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға да тұрақты түрде көмектесіп тұрады.

Иван Ван-Хон-Тун, СҚО бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығының жетекшісі:

Мұндай акцияны әр айтулы мереке сайын ұйымдастыруға тырысамыз. Кейбір отбасыларға материалдық көмек береміз, кейбіріне азық-түлік жеткіземіз. Қысқасы, қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында да қауымдастық өкілдері түрлі мерекелік іс-шара өткізбек ниетте.

Алдияр Айтпаев