Билік

Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 30 жылды қорытындылады

Қаржы министрлігіне – 100, Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Мерейтойлардың тоғысуында облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті атқарылған шаруаны қорытындылады. Аталған орган 1990-шы жылдың 20-шы желтоқсанында құрылған. Содан бері республика бойынша 7800-ге жуық кәсіпорын жекешелендірілді. 4 мың акционерлік қоғамның акциясы, 94 ірі нысан, 22 мың кіші кәсіпорын және 1700-ге тарта агроқұрылым саудаға шығарылды. Солтүстікқазақстандық департамент мамандарымен аукцион және конкурстар аясында 30 жылдың ішінде 2091 объекті сатылды.

Нәтижесінде ел қазынасы 1 млрд 787 млн теңгемен толықты. Бүгінде бейінді орган бұл жұмысты жаңа қарқынмен жалғастыруда. Тура 5 жыл бұрын департамент “Бірыңғай баланс ұстаушы” пилоттық жобасын қолға алды. Бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында тағы 140 млн теңге үнемделді. Қаражат әкімшілік нысандарды жөндеуге жұмсалды. Бүгін 31 жылдың ішінде департаменттің құрылып, дамуына үлес қосқан жандар марапатталды. Солардың бірі – Виктор Бланк. Азамат “Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл”, “Қаржы министрлігіне – 100 жыл” мерейтойлық төсбелгілерімен марапатталды.

Виктор Бланк, қаржы саласының ардагері:

– Біз жұмыс істеген уақытта нормативті әдебиет жоқтың қасы еді. Сондықтан, барлық ережелерді өзімізге құрастыруға тура келді. Кәсіпорынның қай бөлігі -мемлекетке, қай бөлігі ұжымға тиесілі екенін де өзіміз есептедік. Түн жарымға дейін жұмыс істеген уақыттарымыз да болды. 90-шы жылдары жарықты өшіргенде майшаммен отырып та еңбектендік.

Эльмира Садвокасова