Көлік және жолдар

Қызметтік көлікті рұқсатсыз мініп кеткен

Иен далада терезелері мен алды-арты сынған машинада жүргізуші де, мемлекеттік нөмірі де болмапты. Автомобильдің қапталында оқ іздеріне ұқсас таңбалар да байқалады. Мұны көрген желі қолданушылары “көлікке оқ атылған” деген пікір қалдыруда. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде жылжымалы мүліктің облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне тиесілі екені анықталды. Бұл машинаны
аталған мекеме басшысы Айнагүл Сұрағанованың 25 жастағы жүргізушісі тізгіндеген екен. Азаматшаның айтуынша, қызметкер өткен сенбіде темір тұлпарды рұқсатсыз алып, ауданға шығып кеткен. Қазіргі күні оқиғаның жай-жапсары тексерілуде.

Айнагүл Сұрағанова, СҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Негізі, мереке, демалыс күндері және жұмыс уақытынан тыс кезде қызметтік көлік қолданылмайды. Бұл ереже жайында қызметкеріміз білетін еді. Соған қарамастан сол күні көлікті рұқсатсыз алып Мағжан Жұмабаев ауданына туыстарына кетіп қалады. Қазіргі күні тиісті органдар тарапынан аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру жұмыстары жасалып, болған оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бердимурат Баймухан