Қылмыс

Биыл 660-қа жуық теріскейлік интернет-алаяқтарға жем болды

Жыл басынан бері 657 солтүстікқазақстандық интернет-алаяқтарға жем болған. Басым көпшілігі ғаламтор желісіндегі сауда-саттық кезінде алданып қалған. Нақтырақ айтсақ, 270 адам тауар сатып аламын деп алдын ала ақша жіберіп қойып, сан соққан. Қазіргі таңда қулар сатып алушыларды ғана емес, сатушыларды да құрыққа түсіруде. Қаңтар-қараша айлары аралығында 61 теріскейлік жылы-жылы сөйлеген пысықайлардың сөзіне сеніп, «тауарды жеткізу» туралы ұсыныстарына келіскен.

Ақыр-соңында жіберілген сілтемеге өтіп, жеке мәліметтерін көрсеткен. Тиісті деректерге қол жеткізген алаяқтар жәбірленушілердің шоттағы ақшасын шешіп алған немесе олардың атына несие ресімдеген. Жалпы, өзгенің мойнына кредит ілу жайты өңірімізде 174 мәрте тіркеліпті. Көбінесі мұндай заңбұзушылық «банктен соғылған қоңырау» әдісі бойынша жасалған. Ойда-жоқта аһ ұрып қалмас үшін құқық қорғаушылар тұрғындарды сақ болуға шақырады.

Байболат Култанов