МТРА жаңалықтары

Арнайы репортаж

1991 жыл. Қазақстан ғасырлар бойы аңсаған егемендігіне қол жеткізді. Бірақ, Тәуелсіздік турасындағы иллюзия көп күттірмей сейілді. Бірден аяққа тұрып, дамыған ел боп кетеміз деген арман алшақтай берді, алшақтай берді. Посткеңестік мемлекеттермен арадағы экономикалық байланыс үзілді, жұмыссыздық белең алып, қазынадағы қаражат күннен-күнге азайды. Республика өзінің проблемаларымен өзі жалғыз қалды.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Өндіріс тоқтап қалды. Бір нәрсе шығару үшін оның құрамасын басқа мемлекеттен алу керек. Зауыттар бұрын Қорғаныс министрлігіне жұмыс істеген. ПЗТМ ракета шығарған, Киров зауыты рация шығарған. Енді ол заттар керек болмай қалғандықтан, зауыт тоқтап қалды.

Тұрақтылықтың ауылы алыста еді, халықтың жағдайы жылдан жылға ушыға берді. Нағыз жоқшылық пен қиыншылықты Ескендір Есмақұлы 1995 жылы сол кездегі Пресновка ауданының әкімі болғанда сезінген екен. Жұмыс іздеп сандалғандар көбейді, дүкен сөрелері тып-типыл бос болды. Ақша дегенді жұртшылық ұмыта бастады. Білдей бір облысты электр энергиясымен қамтитын Жылу электр орталығының жағатын көмірі болмай, қазандықтар бірінен соң бірі сөндірілді. Жарық тұрғындарға тәулігіне тек 5-6 сағатқа қана берілді. Санаулы уақытты Пресновкадаға жалғыз наубайхана барынша тиімді пайдалануға тырысты. Алайда, амал нешік, 9 мың адамға тек 700 бөлке нан пісірілді.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Енді есептеңіз, 9 мың адамға – 600-700 бөлке, ол кімге жетеді? Халық таңғы 5-6-дан тұрып, нанға баратын. Кімге жетпейді, барлығы әкімдік алдына келеді. Пенсия берілмейді, жалақы берілмейді, бірақ “Нан неге жоқ?” деп сұрақ қоятын. Сол сұрақтары орынды еді.

Десе де, тұрғындар шыдамдылық пен ұйымшылдық танытты. Өзгерістер болады деп сенді. Сол сенімді ақтау үшін басшылық та қолдан келгенше еңбек етті.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– “Мынау кісі пенсияны 3 ай бұрын алды, оған әлі бермейміз. Ал мына кісі жарты жыл алған жоқ, осыған пенсия береміз” деп аудан әкімі өзінің орынбасарларымен осылай пенсия бөлетін. Жалақыны ұнменен, қантпенен, жармамен беретінбіз. Солай күн көрдік.

Егемендіктің алғашқы онжылдығында қиындықтармен бірге жағымды жаңалықтар жүрмеді емес, жүрді. Экономикалық жағдайға қарамастан елдігіміз нығайды, халықаралық дәрежедегі беделіміз арта түсті.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Елбасының халыққа жасаған үлкен қызметі – шекарамызды бекітуі. Екіншіден, мемлекеттік рәміздер қабылданып, төл теңгеміз айналымға енгізілді. Үшіншіден, Қазақстанның беделін әлем деңгейінде асқақтатқаны – Семей полигонының жабылуы.

Кеңес үкіметі заманында ядролық қару ошағы болып Қазақстан таңдалды. Ал держава ыдырағаннан кейін, атом бомбасының қуаттылығы бойынша еліміз әлемдік тізімде 4-ші орынға жайғасты.

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Біздің елмен өз пайдасы үшін достасқысы келген мемлекеттер кезекке құрылды. Барлығы ядролық қару үшін ақша беріп, экономика жағынан мығым қолдау көрсетеміз деген уәделерін үйіп-төкті. Бірақ, Қазақстан қиын-қыстау кезең мен ақшаның жоқтығына қарамастан, басты құндылығы, яғни халқы үшін қауіпсіз жолды таңдады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өндіріс тоқтап қалды. Халықты асырайды деген бар үміт ауыл шаруашылығына артылды. «Бірақ, аграрлы сектордың да ахуалы мәз емес еді»,- дейді Құдайберген Қалиев. Бидайдың құны жоқ, алайда білдей бір облыстың тұрғындары сол бағасы ап-арзан астыққа қарап қалды. Құдайберген Қалиұлы 1992 мен 2002 жылдары сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Құдайберген Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 Дизель отыны жоқ, ақша жоқ, саймандар жоқ. Осы проблемаларды шешу керек болатын. Ол кезде әлі совхоздардың өз қорлары болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы егін егу науқанын ел болып, халық болып өткіздік. Диқандар шаруаны ойдағыдай атқарып, 4 млн гектар жерге дәнді дақыл екті. Бірақ, көп күттірмей жағдай одан әрі ушықты. Қазақстандағы барлық колхоз-совхоз атаулы тарап, оның орнына серіктестік немесе шаруа қожалықтарын құру қажет болды. Яғни, жер кәсіпкерлерге беріліп, барлық жауапкершілік соларға жүктелді. Көбісі жаңа жүйеде қалай жұмыс істеу керектігін білмей дал болды. Жылдан-жылға егін егіп, оны ору қиындай түсті.

Құдайберген Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 Күніне 2 ауданға барып, барлық серіктестіктері мен қожалықтарын араладым. Аралап болғаннан кейін облыстағы жағдай бізге белгілі болды. Тұқым 30-35 пайызға жетпейді. Сепкіштер былай тұрсын, тракторлардың өзі тек 80-85 пайызға дайын тұр.

Көктемгі егістік науқанының жүргізілуі жарты жолда қалуы мүмкін. Жағдайды түсінген жергілікті билік өкілдері аграрийлерге көмекке келіп, дизельдік отынды да, тұқымды да тапты, диқандарды қамтыды. Осылайша, солтүстікқазақстандықтар тағы бір қиын кезеңді еңсере білді. Көбеймесе, азаймайтын проблемалардан ағайын әбден мезі болды, бірақ еңселерін түсірмеді. Шыдамдылық танытып, әлі-ақ аяғымызға тұрып кетеміз деген болашаққа жарқын сенімділікті Елбасы Н.Назарбаев ұялата білді. Тұңғыш Президент жылына екі мәрте облысқа жұмыс сапарымен келіп, механизатор және серіктестік басшыларымен кездесті.

Құдайберген Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 Біз шыдауымыз керек. Барлық дамыған мемлекеттер бұндай қиындықтардан өтті деп айтып, бізге рух беретін, қанаттандыратын.

Ауыл шаруашылығында еңбектенген жандар үшін тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылы белгісіздікке толы болды. Бірақ, аграрлы сектор үшін қиын кезеңмен бірге жарқын сәттер де болды. 1997 жылы өңірге алғаш рет Түркиядан инвесторлар келіп, макарон зауытын салуға ниет білдірді. Жобаны жүзеге асырудада қиыншылықтар кездесті, бірақ нәтижесі екі тарап үшін де оң болды.

Құдайберген Қалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 Бүкіл Қазақстан бойынша шетелдік инвестицияға салынған ең бірінші жоба біздің облыста болды. Осылайша өңіріміз жер-жерге танылды.

30 жылдың ішінде қабылданған шешімдер, жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде өз нәтижесін берді.

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Астықты өлкеміз аграрлы-индустриалды аймаққа айналуда. Инвестициялық климатымыздың қолайлы екені де сан мәрте дәлелденді. Ауыл шаруашылығына қаржы тарту бойынша СҚ көш бастап тұр. 90-шы жылдары қол жеткізу қиын болған минералдық тыңайтқышты сіңіру бойынша да біз алдамыз. Бұл өңір мен ел жеңістері мен жетістіктерінің тек басы ғана…

Шал ақын ауданындағы Мерген ауылы облыс орталығынан шамамен 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Осыдан 35-40 жыл бұрын мұнда 900-ге жуық адам тұрған екен. Уақыт өте келе халық саны екі есеге азайыпты. Себебі, тұрғындарды жұмыспен қамтитын ешқандай кәсіпорын болмаған. Ел мен жерді көркейту ісін Окуневтер отбасы қолға алыпты.

Сергей Окунев, «Гермес Агро» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

1999 жылы әкем «Окунев» шаруа қожалығын құрды. 5 жылдан кейін «Гермес Агро» серіктестігін ашты. Шаруашылыққа мені жетекші етіп сайлады. Бастапқыда жеріміз – бар-жоғы 126 гектар ғана, 2 трактор, комбайн мен жүк машинасы ғана болды.

Алғашқы жылы-ақ кәсіпорын мол өнімге кенелген екен. Кейік егістік көлемі 8 мың гектарға дейін кеңейіп, жұмысшылар саны да артыпты. Іскер азамат 2 жыл бұрын мал шарушылығын қолға алған. Қазір әулиекөлдік 800 бас ірі қарасы бар.

Сергей Окунев 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбекқор қызметкерлеріне баспана да береді. Осылай 4 жылда 10 үй салып беріпті. Дәл қазір тағы осынша баспана салынып жатыр.

Наталья Кириченко, Мерген ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

Күйеуім серіктестікте құрылысшы болып еңбек етеді. Бізге берілген баспананың құрылысына жолдасым да ат салысты. Серіктестік басшысы көмір мен отынды да жеткізіп береді.

Наталья Кириченко – осы ауылдың тумасы. Мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Нәзікжанды ауылда жұмыс пен жұмысшыға жасалған жағдайдың артуына байланысты көшіп келіп жатқандар көбейді дейді. «Гермес Агро» жергілікті мектеп жанынан шағын спорт кешенін салып берген екен. Құрылыс жұмыстарына 40 млн теңге жұмсалған.

Валентина Лопух, Мерген негізгі мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:

Бұрын дене шынықтыру сабағы шағын кабинетте өтетін. Оқушылар жеңіл атлетикаға жақын. Енді кең жерде өздері қалағанша жаттыға алады.

Кәсіпкер ауылда асхана мен наубайхана ашып, көшелерді жарықтандырған. Бұл жетістіктердің барлығына мемлекет қолдауының арқасында қол жеткізгендігін айтады.

Сергей Окунев, «Гермес Агро» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

Тыңайтқыш-гербицид пен өсімдікті жәндіктерден қорғауға арналған препараттар құнының 50 пайызы субсидияланады. Мемлекет тарапынан бұдан өзге де қолдау көрсетіліп жатыр. Біз кәсіпкерлерге арналған бағдарламалардың барлығына қатысуға тырысамыз.

Мемлекеттен қолдау көрсетілсе, кәсіпкерлерден де қайтарым болады. Тимирязев ауданының тұрғыны Галина Воробьёва да кіндік қаны тамған жердің дамуы үшін еңбек етіп жүрген жандардың бірі. Нәзікжанды өз кәсібін 30 жыл бұрын бастаған.

Галина Воробьёва, кәсіпкер, Тимирязев ауданы:

Әуелде қиын болды. Алғашқы жылы Украинаға барып 1 чемодан сағыз алып келдім. 1 теңгеге сатып алған тауарды ауылда 3 теңгеден сата бастадық. Ол уақытта тәуелсіздікке енді қол жеткізген едік. Кәсіпкерлердің барлығына дәл қазіргідей қолдау көрсетілмеді. Бірақ, қолымыздан келгенше өз ісімізді дөңгелетуге тырыстық.

Галина Воробьёва шетелден ауылына тұрмыстық заттарды да жеткізген. Елді мекендегі ағайын нені қажет етсе, бәрін әкеліп беруге тырысыпты. Кейін жиналған ақшаға шағын дүкен ашады. Тынымсыз еңбектің арқасында бүгінде дүкен үлкен супермаркетке айналып отыр. Нәзікжанды бір арманын жүзеге асырған соң екіншісіне көшеді. Мақсаттың артынан еріп, ақыры 2010 жылы құрылыс материалдарын сататын нысан ашады.

Ләззат Елагина, сатушы:

Дүкен 11 жыл бұрын тура 16-шы желтоқсан күні ашылды. Мен осында ашылған күннен бастап жұмыс істеп жатырмын. Бастапқыда дүкенде жасанды шыршалар мен бірнеше жиһаз ғана болатын. Қазір тауар аталымы кеңейді. Сатып алушыларымыз көп. Көршілес аудандардың тұрғындары келіп тапсырыс берді.

«Істі бастау қашан да қиын. Ал оны дөңгелетіп алып кету үшін ақыл мен сабырлық қажет» дейді Галина Воробьёва. Елмен бірге дамыған кәсіпкер, қазір бизнес ашу әлдеқайда жеңіл екендігін айтады. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Әр мерекеде – концерт, демалыс күндері – аудан мен көрші облыстарға гастрольдік сапарлар. 1991 жылға дейін облыстық филармония сахнасында түрлі бағыттағы 10-ға жуық ұжым өнер көрсетіпті. Дегенмен, еліміз тәуелсіз мемлекет болып бөлініп шыққанда жағдай өзгерді. Ел экономикасы қиындыққа тап болып, өндіріс тоқтап жатқанда мәдениет саласының қызметкерлері де жұмыссыз қалды.

Рашит Султанов, Ақан сері атындағы облыстық филармониясы джаз және эстрада музыка оркестрінің әртісі:

– 90-шы жылдар қиын кездер еді. Күнкөрістің қамымен филармонияда еңбектенген жандардың басым бөлігі басқа салаға кетті. Талай талантты жас Ресейге қоныс аударды. Қалғандары үйірме ашып, азын-аулақ табыс тапты. Филармонияда тек “Красный Яр” ансамблі ғана өнер көрсетті.

Өңірдің өнер саласында мүлгіген тыныштық орнады. Ән мен биді тек мемлекеттік мерекелерде ғана естіп-көруге болатын. Ел экономикасы мен өзге салалар 2000-шы жылға қарай қалыпқа келе бастады. Мәдениет саласының да өз арнасына қайта келуіне 10 жылдай уақыт кетті. Осыған дейін жүздеген адамды жинайтын концерттік залдар көрермендеріне есігін қайта айқара ашты. Сол кезде облыстық филармонияға музыкант Рашит Султанов жетекшілік етті.

Рашит Султанов, Ақан сері атындағы облыстық филармониясы джаз және эстрада музыка оркестрінің әртісі:

– Маған керемет музыканттар Геннадий Брюханов пен Марат Жакупов келіп, филармониядан екі өнер ұжымын құру туралы ұсыныс жасады. Қазақ ұлттық аспаптарының ансамблі мен джаз музыкасының оркестрі. Үшеуіміз осы екі топқа өнерпаздарды шақыруға кірістік. Көп ұзамай алғашқы концертті өткіздік. Музыкалық кеш өте сәтті шықты. 10 жылдың ішінде халықтың өнерді әбден сағынғанын түсіндік.

Мәдениет басқармасынан тиісті қаражат бөлініп, жаңа әртістер жұмысқа алынды. Оркестр мен ансамбльдер бірінен соң бірі құрылып, жеке әншілер де бой көрсете бастады. Өнерсүйер қауым үшін қуанышты жаңалық легі мұнымен бітпеді.

Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Елбасы 2000 жылы “Мәдениетті қолдау” жылы деп жариялады. СҚО-да қазақ театрын ашу керек болды. Алғашқы жарты жыл Н.Погодин атындағы орыс драма театрында болдық. Сонда репетициямызды жүргіздік. Алғашқы спектакліміз – М.Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясы.

Қазақ театрына арналған нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары жарты жылда аяқталған екен. Ғимаратты қалыпқа келтіруге жергілікті кәсіпкерлер көмек көрсеткен екен. Ал 2000 жылдың 15 маусымында солтүстікқазақстандықтар дүбірлі тойдың куәсі болды. Елбасы Н.Назарбаевтің қатысуымен Петропавлда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының таспасы қиылды.

Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Сол кездегі халықтың ықыласы керемет болды. Петропавлда қазақ театры 30-шы жылдары болыпты. Алайда, сол кездегі Кеңес үкіметінің бұрмалаң саясаты кесірінен 1,5 жылдай ғана жұмыс істеп, театр жан-жаққа таратылды. Араға 70 жыл салып қазақ театрының қайта ашылуы халыққа рухани серпіліс берді.

Бүгінде қызылжарлық қазақ театрын қазақстандықтар ғана емес, шетелдік өнерсүйер қауым да жақсы біледі. Қара шаңырақтың спектакльдері 10-ға жуық республикалық, халықаралық фестивальдерде үздіктер қатарынан көрінді. 21 жылдың ішінде жеткен жетістіктерді бір жіпке тізе беруге болады. Бұл тек басы ғана дейді актерлер…

Облыстағы жалғыз перинаталдық орталық 1990 жылы қолданысқа берілген болатын. Бірақ, жұмысын тек тәуелсіздік алған жылы ғана бастады. Ол уақытта Елена Калюжная жас акушер-гинеколог болып қызмет еткен екен.

Елена Калюжная, облыстық перинаталдық орталықтың директоры:

Бастапқы жылдары қиын болды. Кадр жетіспеушілігі қатты сезілді. Техникалық құрал-жабдықтардың басым бөлігі ескі еді. Соған қарамастан бар мүмкіншілікті қолданып, жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсеттік.

Егемендік алған күні қос бірдей сәби дүние есігін ашқан екен. Екеуі де ер бала. Қазір мұнда жылына 5 мыңға жуық ана өз перзентін дүниеге әкеледі.

Елена Калюжная, облыстық перинаталдық орталықтың директоры
:

Солтүстікқазақстандық әйелдердің 70 пайызы перзентін осында босанады. Бүгінге дейін 118 мыңға жуық сәбидің туылуына көмектестік.

Жағдай бұрынғыдай емес. Техникалық база жыл сайын жаңартылып келеді. Мысалы, нысанның 2-ші қабатында болашақ аналар бастан-аяқ тексерістен өтеді. Іштегі баланың жағдайын тексеруге арналған ең үздік қондырғылар бар. Ал босану палатасының өзі 3-ші қабатта орналасқан. Карантин талаптарына сай, мұнда медицина қызметкерлерінен басқасының тыйым салынады.

Анасының құшағында еркелеп жатқан Мариана осыдан жарты сағат бұрын дүниеге келіпті. Салмағы мен бойы әлі өлшенбепті. Дәрігерлер 9 ай 9 күн дегенде қауышқан анасы мен баласын бір-бірінен ажыратуға қимай отырған көрінеді. Келіншек кеудесін толтырған қуаныштан жылап жатыр. Келіншектердің жағдайына акушер-гинеколог Динара Сапарбаева күнделікті мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, босандыру процесіне де қатысады.

Динара Сапарбаева, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:

Тамыз айында резидентураны бітергеннен соң СҚО-ға келдім. Жылы қарсы алды. Әйелдерді босандырып, ана мен баланың аман-есен қауышуына көмектесіп жатырмын.

Жалпы, биыл облыстық перинаталдық орталыққа 5 жас дәрігер жұмысқа орналасқан.

Мерейлі мереке Тәуелсіздік күні қарсаңында дүбірлі думан. Тимирязев ауданының орталығында көптен күткен жабық хоккей корты ашылып отыр. Таспа қиылған соң жиналған қауым су жаңа нысан ішіне кірді. Келушілерге арналып мұнда дастархан да жайылыпты.

Бұрын тимирязевтық әуесқой хоккейшілер ашық аспан астында жаттығыпты. Солтүстіктің сарышұнақ аязында шеберлік шыңдау айтарлықтай қиындық тудырған екен. Оның үстіне ат құлағын көрінбейтін бораннан кейін мұз айдынын айнадай ғып тазалау біраз уақытты алған көрінеді. Енді мұның бәрі артта қалды.

Айдар Қалижанов, Тимирязев аудандық хоккей құрамасының ойыншысы:

 Мұндай кешен болған жоқ. Бұрын далада катокта ойнайтынбыз. Тимирязев ауданының құрамында ойнаймыз. Өте қуаныштымыз.

Сергей Белов, Тимирязев аудандық хоккей құрамасының ойыншысы:

Бұрын жел тұрып, боран соққанда жаттығу мүмкін емес еді. Енді жаңа кортта ойнайтын боламыз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта қатарымызға жастарды тартқымыз келеді. Бірнеше жылда жоғары нәтижеге жетеміз деп ойлаймын.

Алтынбек Алан мұз айдынына шығар сәтті асыға күтіп жүрмін дейді. 12 жастағы жеткіншек шайбалы хоккейге әуес. Коньки киіп, қолына имек таяқ ұстағанына 2 жыл болыпты.

Алтынбек Алан, Тимирязев ауданының тұрғыны:

Біздің ауданда хоккей айтарлықтай дамымаған. Бірақ, спорттың бұл түріне қызығушылық танытатын жастар көп. Болашақта ауданымыздың атын шығарғымыз келеді. Мақсатымызға жету үшін тырысатын боламыз. Заманауи корттың ашылғанына қуаныштымын.

Спорт нысанының салынуына 1 жарым жыл уақыт кеткен. Құрылыс жұмыстарына 91 млн теңге жұмсалыпты.

Нұрлан Кеңесов, Тимирязев ауданының әкімі:

– Бүгін біз “Арлан” жабық мұз кортын салтанатты түрде ашудамыз. Бұл әр ауданда бола бермейді және Тимирязев тұрғындары үшін үлкен жетістік. Оның арқасында біздің спортшылар  жыл бойы қысқы спорт түрлеріне дайындала алады.

Айта кету қажет, тұрғындар жабық үлгідегі нысанда қыстыгүні шайбалы хоккей ойнаса, ал жазда доп тебе алады. Халық дән риза.

– Өте ұнады. Спорт ауданда дамиды деген ойдамыз.

– Алаңның салыну барысын көрдік. Өте жақсы құрылған. Қуанышымызда шек жоқ.

– Будет кататься ребёнок. Больше счастья у ребёнка.

Ашылу салтанатының соңында жергілікті хоккей құрамасына конькилер сыйға тартылды.

Одан кейін алғашқы ойын да басталды. Жергілікті хоккейшілер ауылдық округтердің жігіттерінен құралған командаға қарсы дебюттік матч өткізді.