Қоғам

“Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына кітап тарту етті

Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов тұсауы кесілгелі отырған “Жасампаздық Жылнамасы” атты кітабының құндылығына тоқталып өтті.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары

– Бүгінгі тұсауын кесейін деп отырған “Жасампаздық Жылнамасы” атты кітап “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ел егемендігінің 30 жылдығына арнаған тартуы деп білемін. Өңіріміз осы жылдар аралығында өршіл бастамалар қолға алынып, талай шаруа тындырылды. Соның барлығын газет қызметкерлері жіпке тізіп, кітап ретінде жазып шығарды. Түйеге жүк болардай жұмысты атқарып шыққан ұжымға алғысымды білдіремін. Қаламдарыңыздан қуат кетпесін.

Құттықтаудан кейін сиясы кеуіп үлгермеген «Жасампаздық Жылнамасы» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Тың еңбектің жарық көруіне сүбелі үлес қосқан “Қызылжар-Ақпарат” серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов пен “Soltüstık Qazaqstan” газеті бас редакторының орынбасары Сағындық Мауғазинге облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

240 беттік туынды еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы мен бүгінге дейінгі даму жолын қамтиды. Оның ішінде өңірдегі өзгерістер көрініс тапқан. Тарихи оқиғалар, бағындырған белестер мен қол жеткен жетістіктердің барлығы осы кітапта жазылған.

Қымбат Исманова
, ардагер ұстаз:

– Бұл кітапты кез келген адам оқи алады. Пайдасы өте зор. Мен еңбекпен танысып шықтым. Берері мол туынды. Біз тәуелсіздік қандай жолмен келгендігін жалпылама білеміз. Ал бұл кітапта әр жылдарда қандай оқиғалар болғаны анық жазылған. Барлық салалардағы оқиғалар қамтылған. Менің ойымша туынды біз үшін өте қымбат.

“Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы бұл туындыны Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап отыр.

Жарасбай Сүлейменов, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры:

– Еліміз орда бұзар 30-дың белесіне көтеріліп отыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр баяндамаларында Тәуелсіздіктің құнын халыққа түсіндірудің маңызды екенін үнемі айтып келеді. Осы мақсатта біз бірқатар жобаларды қолға алдық.Оған біздің шығармашылық ұжымымыз белсене қатысып, ізденіс танытып, кітап шығарды.

Әзірге, “Жасампаздық Жылнамасы” атты кітаптың 300 данасы басылып шықты. Алдағы уақытта тираж санын мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Айта кету қажет, жиын соңында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Бұл шара да “Soltüstık Qazaqstan” газеті ұжымының ұйымдастыруымен өткізілді. Егемендіктің 30 жылдығына арналып өткізілген додада Диас Аяған топ жарды.

Алдияр Айтпаев