МТРА жаңалықтары

Петропавл нан-тоқаш комбинаты акция өткізуде

Акцияның шарты қарапайым. Әуелі нан сатып алу қажет. Өнім Петропавл нан-тоқаш комбинатыныкі болу керек. Оның өзінде міндетті түрде тиісті қаптамаға салынғаны. Ережеге сәйкес, жапсырмадағы жарнамалық код пен өз деректеріңізді кәсіпорынның сайтына енгізесіз. Ал сайттың атауы наубайхананың Instagram парақшасында көрсетілген. Ұтыс ойыны дәл осы әлеуметтік желідегі тікелей эфирде әр сәрсенбі сайын сағат 11-де өткізіледі.

Ерлан Қайшыбеков, «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС директоры:

– Желтоқсанның 1-інде бастау алған акция наурыздың 30-ына дейін жалғасады. Апта сайын смартфон ойнатылады, ал ай сайын өзге сыйлықтар жеңімпаздарға жол тартады. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Ұтыс ойыны аяқталған соң жеңімпазға қоңырау шалынады. Телефонды көтеріп, жауап берген жағдайда ғана жеңіс есептеледі. Ал сыйлықты алу үшін код пен қаптаманы сақтап қалу қажет. Айта кету қажет, акцияға Ақмола облысының тұрғындары да қатыса алады.

Ерлан Қайшыбеков, «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС директоры:

–  Біз жазда осындай акция өткіздік. Оның жеңімпаздарын Алматыға саяхатқа жібердік. Жағымды түрлі пікір жазылды. Сондықтан, ұтыс ойынын кезекті мәрте өткізу туралы шешім қабылданды. Жазда акцияны қайталаймыз деген ойдамын.

Өткен аптада ағымдағы акцияның алғашқы жеңімпазы да анықталып, смартфон сыйланған екен. Айта кетейік, наубайхана 90 жылға жуық тұрғындарды нанмен қамтамасыз етіп келеді.

– Мен үнемі осы наубайхананың нанын сатып аламын. Маған қатты ұнайды. Әрқашан ыстық болып тұрады.

– Нанды осы жерден аламын. Нандары өте дәмді.

Бүгінде комбинат нанды Ресейдің Омбы, Екатеринбург және Красноярск қалаларына да тасымалдайды.