Денсаулық сақтау

Оқушыларды вакциналаудың маңызы

Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының деспетчерлік бөліміндегі мамандар күні-түні телефоннан құлақ алмайды. Тұмау тиіп, ыстығы көтеріліп, жөтеліп хабарласатын тұрғындардың саны шаш етектен. Біреулер тіпті ауыр формадағы пневмониямен емханаға түсіп жатыр. Себебі, қазір маусымдық жедел респираторлық-вирустық инфекция өршіп тұр.

Оксана Долгушина
, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының диспетчері:

– Бір күнде орталыққа 100-ден аса қоңырау түседі. Демалыс күндері тіпті көп. Себебі, ол уақытта емханалар жұмыс істемейді. Қазір түрлі мерзімдік вирустық инфекциялар көбейді ғой. Ересек адамдардан кішкентай балаларға дейін ауырып жатыр. Тұрғындардан жылы киініп, қоғамдық орындарға көп бармай, барынша сақтанып жүруді сұраймыз.

Ал орталықтың бас дәрігері Арман Башыров солтүстікқазақстандықтарға екпе алуға кеңес береді. Әсіресе, 12 мен 18 жас аралығындағы балаларды иммундауға мән беру қажет дейді.

Арман Башыров, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының бас дәрігері:

– Қазіргі күні балалардың бәрі мектепке барып оқиды. Бұрынғыдай онлайн емес. Адам көп шоғырланған жерде күні бойы жүріп вирус жұқтырып алуы мүмкін. Мысалы, бір бала үйіндегі адамдармен немесе туыстарымен етене қарым-қатынас жасайды. Кейін мектепке келіп басқа балалармен араласады. Сондықтан, жасөспірімдерді вакциналау маңызды.

Қазіргі күні облыс көлемінде жедел медициналық жәрдем қызметіне 1-күнде 600-ге жуық адам хабарласады екен. Бұл фельдшерлер мен дәрігерлердің мойнына түсетін жүктемені арттырады. Өйткені, коронавирус қоғам арасынан кетпегендіктен ауырған адамдардың барлығынан ПТР-тест алып, қауіпті індеттің жоқтығына көз жеткізу қажет.

Бердимурат Баймухан