Денсаулық сақтау

Биыл «Айна-көз» орталығында 2 мыңнан астам ота жасалған

Қала тұрғыны Самал Смағұлованы біраздан бері көзінің жағдайы алаңдатады. Жыл артқан сайын жанарының көруі нашарлап барады екен.

Нәзікжанды «Сырқатыма шипа табу үшін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады» дейді. Ақыры соңында мәселенің шешімін «АЙНА-КӨЗ» орталығынан тапқан. Мұндағы мамандар бірден дертті дәл анықтап, емдеуге кіріскен.

Самал Смағұлова, қала тұрғыны:

– Катарактаға шалдыққан екенмін. Бұл дегеніміз – сәуленің көз бұршағына өтуі қиындап жатыр деген сөз. Қазір 3-4 метр жердегіні көрмеймін. Дерттен айығу үшін көзіме операция жасамақ.

Оған дейін мамандар арнайы қондырғының көмегімен көздегі қарашықтың өлшемін алады. Бәрі дайын болған соң, хирургиялық операция жасалады. Ота өтетін кабинет толықтай заманауи техникамен жабдықталған. Науқас маңызды іс аяқталғасын демалу палатасына ауыстырылады. Мұнда емделушінің жағдайы тәулік бойы бақыланады. Емдеу мекемесі 25 адамға шақталған. 10 жанға арналған күндізгі стационар да бар.

Зульфия Халикова, «АЙНА-КӨЗ» көз орталығы” денсаулық сақтау мекемесінің терапевт-невропатологы:

– Мұнда жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, ми тамырларының дерті, остеохондрозы бар пациенттер емделе алады. Көз, терапия және неврология бір-бірімен тығыз байланысты. Біз жанарды екінші ми деп айтамыз. Егер көзде бір ақау болса, оның зияны міндетті түрде басқа органдарға да тиеді.

Керісінше де жайт орын алуы мүмкін. Мәселен, адам қант диабетіне шалдықса, көзі де көрмей қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда тұрғын диабетті күндізгі стационарда емдеп, ал кешкісін тәулік бойы жұмыс істейтін палатада жанарын тексерістен өткізе алады. Мұнда науқастарға өңіріміздің ең үздік деген 30-дан астам дәрігері көмек көрсетеді. Ақ халаттылардың барлығы жыл сайын шекара асып, әлемнің алдыңғы қатарлы емханаларында біліктіліктерін арттырады екен.

Олеся Леонтьева, «АЙНА-КӨЗ» көз орталығы” денсаулық сақтау мекемесінің бас директоры:

– Тұрғындар еңбегіміздің нәтижесіне риза. Бізде ең күрделі деген оталар жасалады. Жалпы, мұнда қызметтің 100-ден астам түрі көрсетіледі. Келер жылға құрған жоспарымыз ауқымды. Алдағы уақытта қабақты түзейтін ота жасауды жоспарлап отырмыз.

Айта кетейік, «Айна-көз» орталығы 2017 жылдан бері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бірқатар қызметті тегін көрсетеді.

Маржан Касымбек