Қоғам

Желтоқсан көтерілісіне – 35 жыл

1986-шы жылдың 16 желтоқсанында Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің пленумы өтті. Жиын небәрі 18 минутқа созылды. Осы 18 минуттың ішінде ел тағдыры шешілді. Республиканы 25 жыл бойы басқарған Дінмұхамед Қонаев отставкаға жіберіліп, орнына қазақ халқы мен елі жайлы мүлдем хабары жоқ Геннадий Колбин тағайындалды. “Бұл – Кеңес үкіметінің қазақтарға жасалған езгісінің шарықтау шегі болды”,- дейді Айгүл Қазиева. Нәзікжанды сол жылы Алматыдағы қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 1-ші курсында оқып жүрген еді. Желтоқсанның 17-сінде құрбы-құрдастарымен оқуға бара жатқан жерінен ол шерушілерді кездестіріп, тәуелсіздік үшін күресу мақсатында орталық алаңға келіпті.

Айгүл Қазиева, желтоқсаншы, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің мұғалімі:

– Бұл жерден көрген нәрсем, әрине, сұмдық. Қазір мен үшін өте ауыр. Қаншама жастарымыз кетті сол үшін. Сол жерде біздің жастар ештеңеден қорыққан жоқ. Трибунадағы КПСС мүшелері бізге “Үйлеріңе барыңдар, сендер – жастар, ештеңе түсінбейсіңдер, арты жаман болады”,-деді. Бірақ, біздің жастар қорықпай, “Бізге Қонаев” керек деп тұрды. “Менің Қазақстаным” әнін асқақтата орындады.

Жастар бейбіт шеруді қалады. Өз құқықтарының қорғалуы мен қазақ еліне қазақ басшысының тағайындалуын талап етті. Үкіметтің өздерін естіп, құлақ асатындарына сенді. Алайда, басшылық бірден қатыгез әрекетке көшті. Желтоқсаншыларды бір-біріне айдап салу мақсатында арандатушылық жасады. Арнаулы қызметтер тегін арақ таратты. Алматы зауыттарының жұмысшыларының қолына темір беріп, төбелес бастатты. Кейін бұл көтерілісшілер мен құқық қорғау органдарының қақтығысына ұласты. Колбин басқарған үкіметтің көздегені де осы еді.

Айгүл Қазиева, желтоқсаншы, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің мұғалімі:

– Басуға тырысты үкімет. Басу үшін солдаттарды әкеле бастады. Су шаша бастады, қармен атқылай бастады. Жастарды сүйрей бастады. Иттерін абалатып қуды. Жастар оған қараған жоқ. Бәрі алға ұмтылды. Мен оны өз көзіммен көрдім. Осылайша “Қазақ” деген халықтың бар екенін, жүрегіміз “Қазақ” деп соғып тұрғанын көрсетті.

Алаңдағы жағдай сағат емес, минут сайын ушықты. Қолдарына арматура, саперлік күрек ұстаған жасақшылар боздақтарды төпелеп соққыға жықты. Өрт сөндіруші машиналардан жастарға мұздай су шашып, қыздарды шашынан сүйреді.

Толқу желтоқсанның 17-сінде Алматы қаласындағы көтеріліспен аяқталған жоқ. Орталық комитеттің шешіміне наразылықтарын бір апта көлемінде Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар қалаларының тұрғындары да білдірді. Олардың барлығы қудалауға ұшырады дейді желтоқсан оқиғасы туралы “Бітеу жара” кітабын жазған Жақсыбай Самрат.

Жақсыбай Самрат, “Бітеу жара” кітабының авторы, “Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі:

– Қудалау сұмдық болды. Желтоқсан көтерілісіне қатысы бар-жоқтың барлығы жұмыстан шығарылды, партиядан шығарылды. Партиядан шығарылса, ешқайда жұмысқа алынбайды. Баласы шеруге қатысса, онда ата-анасы да жұмыстан қуылды.

Желтоқсан көтерілісін талқандау барысында талай жас мерт болды. Ербол Сыпатаев жасақшылар қолынан қаза тапса, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды боздақтар түрмеде жұмбақ жағдайда көз жұмды. Есімдері елге белгісіздері қаншама. “Ұлтшыл”, “нашақор”, “жаппай тәртіпсіздік жасады” деген айыппен мыңға жуық адам абақтыға қамалды.

Жақсыбай Самрат, “Бітеу жара” кітабының авторы, “Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі:

– Ақтау мәселесі 1989-де басталды. Мыңға жуық адам түрмеге қамалған болатын. Біздің облыстың адамы, бізден шыққан ағамыз Сабыр Қасымов ұйымдастырды. Ол сол кезде ЦК-да істейді. Ақтау бойынша арыздарды жазып беріп, шетелге дейін шықты. Сондай үлкен жұмыстар істеп жүрді.

Дәл сол жылы Халық депутаттарының съезі болды. Жиынға қазақ ақыны Мұхтар Шаханов та қатысып, 86-дағы желтоқсан көтерілісіне қатысқан жандарды ақтау қажеттігін айтты. Осылайша республика бойынша боздақтардың ісін қайта қарап, түрмеден шығару толқыны басталды. Абақтыға қамалған мыңға жуық адамның басым бөлігі бостандыққа шықты. Бейбіт шеруден басталып, талай адамның қиылған өмірі мен балта шабылған тағдырына ұласқан көтеріліске биыл 35 жыл толды. Алайда, жауыздықпен басылған саяси оқиғаның жай-жапсарлары әлі күнге дейін құпия қалып отыр.

Эльмира Садвокасова