Спорт

«Солтүстік-2021» ойындарының жабылу салтанаты өтті

Спортшылар биыл 6 түрлі сайыстан сынға түсті. Яғни, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы шорт-трек, ринг-бенди, футзал мен президенттік көпсайыс. Дүбірлі додада барлық ауданнан 441 адам бақ сынады. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысушыларды “Солтүстік-2021” қысқы ойындарының жабылу салтанатымен және алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл ойындар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып өткізілді. Сіздерді алда келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Екіншіден, осы ойынға қатысып жүлделі болғандарыңызбен құттықтаймын.

Кейін спортшыларды марапаттау рәсімі басталды. Ең алдымен жекелей өнер көрсеткен қыз-жігіттерге қошемет көрсетілді. Айта кетейік, биылғы қысқы сайыста ерекше көзге түскен жандар бар. Мәселен, Дарина Айтпишева есімді қарындасымыз 3 бірдей алтын жеңіп алыпты. 20 жастағы студент конькимен жүгіруде қарсыластарына дес бермеген екен.

Дарина Айтпишева, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

Алғашқы медальды 500 метрге жүгіруден жеңіп алдым. Кейін 333 метрлік қашықтыққа өткен жарысқа қатыстым, бұл бәсекеде де 1-ші орын иелендім. Соңғысы командалық эстафета болды. Онда да жеңіс бізге бұйырды.

Сонымен, жалпыкомандалық есепте үздік үштікті Ғабит Мүсірепов ауданының командасы иеленді. Күміс жүлдені аққайыңдық спортшылар еншілесе, тайыншалықтар қысқы ойындардың жеңімпазы атанды. Үздік құрамаларға 100 мың, 200 және 300 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Ержан Жұмабаев, Тайынша ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Біздің спортшыларымыз ринг-бенди, шаңғы жарысы, футзал секілді ойындарда жақсы өнер көрсетті. Ауданда спорт саласы дамып келеді. Өткен жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Бұл саланың өркендеуіне өзіндік серпін берді. Жастарымыз түрлі сайыстарда лайықты өнер көрсетіп жүр.

Шара соңында қысқы спорт ойындарының жалауы Мағжан Жұмабаев ауданына берілді. Келесі жылы «Солтүстік-2022» спартакиадасы аталған ауданда өтеді.

Бердимурат Баймухан