Қоғам

Өңірде мемлекеттік қызметтің 98% электронды форматта көрсетілген

Заман дамыған сайын мемлекеттік қызметтерді алу да жеңілдеп келеді. Қазір үйден шықпай-ақ ісіңді тындыра бересің. Алдағы уақытта шаруа тіпті жеңілдемек. Облыстық әкімдік қабырғасында ұйымдастырылған жиын барысында аймақ басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек ерекше жоба жайлы баян етті.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Мөлдірлік пен автоматтандыруды қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мәселен, бүгінде мемлекеттік қызметке мобильдік банктік қосымша арқылы да қол жеткізуге болады. Одан бөлек, арнайы геопортал құрылып жатыр. Бұл жаңашылдықтың көмегімен құрылыс және жерді ресімдеу саласына қатысты мемлекеттік қызмет алу қарастырылған. Жобаны келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Енді облыс көлеміндегі статистиканы тілге тиек етейік. Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде солтүстікқазақстандықтар 4 млн-нан астам мемлекеттік қызмет алған. Олардың басым бөлігі, яғни 98% электронды форматта көрсетілген екен.

Елена Степаненко,  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2016 жылға дейін мемлекеттік қызметті электрондық форматта көрсету көрсеткіші 19%-ды ғана құрады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекке тұру үшін eGov mobile мобильді қосымшасы әзірленді. Бүгінде оның көмегімен 80-ге жуық сервис пен мемлекеттік қызмет алуға болады.

Қазір мемлекеттік қызметті жылдам рәсімдеуге болады. Яғни, бұрынғыдай сарыла күтіп, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ.

Серік Бейсенов, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Техникалық куәлік беру рәсімі де жеңілдетілді. Егер бұрын осы қызметті көрсету үшін 5 күн қажет болса, қазір істі 1 күнде тындыруға болады. Сондай-ақ, бұрындары қызметтің бұл түріне тұрғындар 10-15 мың теңге көлемінде ақша төлейтін. Ал қазіргі таңда аталған сома 5 мыңға дейін төмендетілді.

Айта кетейік, пандемияға байланысты солтүстікқазақстандықтар қашықтан электрондық-цифрлық қолтаңба алу мүмкіндігіне де ие болды. Ол үшін жеке компьютер мен бейнекамера болса жеткілікті.

Алдияр Айтпаев