Денсаулық сақтау

Өңірде карантин шектеулері жеңілдетілмек

Өңірде эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Аймақта соңғы екі аптада мыңнан астам адам тәж вирусын жұқтырған. Бұл алдыңғы қос аптадағы көрсеткіштен 1,4 пайызға төмен. Солтүстік Қазақстан облысы – 1 аптадан астам уақыт бойы сары аймақта. Осыған байланысты Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік комиссия карантин қағидаларын жеңілдету жайында шешім қабылдаған.

Жаңа қаулыға сәйкес, “Ashyq” жобасын енгізбеген объектілердің жұмыс уақыты түнгі 1-ге дейін ұзартылып отыр. Ал “Ashyq” жобасының көшбасшылары түнгі 3-ке дейін қызмет көрсете алады. Сондай-ақ, аталған қосымша арқылы жұмыс істейтін дәмханалар мен мейрамханаларға той-томалақ, отбасылық, естелік жиындар өткізуге рұқсат беріліп отыр. Тек қызметкерлер мен келушілердің мәртебесі “жасыл” болуы тиіс. Қонақ саны 70-тен аспауы қажет. Жаңа қаулы, желтоқсанның 15-і, яғни ертеңнен бастап күшіне енеді.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

“Ashyq” жобасына қатыспайтын сауда-ойын-сауық орталықтары, спорттық кешендер мен фитнес-орталықтар келушілерді енді демалыс күндері де қабылдай алады. Сондай-ақ, жобаға қатыспайтын діни нысандардың да келушілерді қабылдап, іс-шаралар өткізуге мүмкіндіктері бар. Бірақ, 30 пайыздан көп адам қабылдамауы қажет. Спорттық сайыстарда көрермендердің толымдылығы көп дегенде 15%-ды құрағаны жөн. Ал, театр, кинотеатр мен концерт залдары келушілерді 20%-ға дейін қабылдай алады.

Дана Ешкенова