Ауыл шаруашылығы

Петропавлда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

Балғын әрі базардағы бағадан арзан. Шамамен 15-20 пайызға. Шаһар тұрғындарын азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі осынысымен қызықтырады. Бүгін коммуналдық базар сөрелеріне 1 жарым тоннадан астам табиғи өнім қойылған. Ауылдың сары майы, сүт, қаймақ, ет, балдың да түр-түрі бар. Қала тұрғындары тәңсәріден келіп, таңдап жүріп сатып алып жатыр.

Бал алмақшымын. Келісі – 1500 теңге. Сөрелерге қойылған барлық тауарларды қарап шықтым. Бағалары қалта қақпайды.

Бүгінгі жәрмеңкеден бал алдым. Қалада бұндай баға жоқ. Бірер күнде жәрмеңкеге қайта келмекшімін.

Көптің көңілінен шыққан аққайындық балды Антонина Дудкина саудалап жатыр. Бүгінгі жәрмеңкеге омарташы 50 келіден астам табиғи таза өнім әкеліпті.

Антонина Дудкина, омарташы:

Жәрмеңкеге балдың 3 түрін әкелдім. Биыл өнімді Булаев қаласы маңынан жинадық. Ол жақтағы алқаптарға дәрі себілмейді. Сол себепті, бал табиғи әрі таза. Тұрғындар сатып алмас бұрын өнімнің дәмін татып көреді.

Ал мына жақта Нұртас Қанафин қойдың етін сатып жатыр. Бүгінгі жәрмеңкеге ол 45 келіден астам өнім ұсынып отыр.

Нұртас Қанафин, Аралағаш ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

Жәрмеңкеге екі семіртілген қой әкелдім. Келісі – 1900-2000 теңге. Жәрмеңкеге осылай жылына 1-2 рет қатысып тұрамын. Тұрғылықты алушыларым бар. Солар келіп, сатып алады.

Азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі “Дәрия”, “Алтын Арман” және коммуналдық базарларында өтіп жатыр. Оған 6 ауданнан келген ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер қатысуда. Сатушылар қала тұрғындарына арнап 5 мың тоннаға тарта өнім жеткізген.

Талғат Наурызбаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Облыс әкімінің тапсырмасымен жәрмеңке өткізіп жатырмыз.Бағалар жайлы айтар болсақ, қара мал етінің келісі мында 1700 теңгеге сатылуда. Ал нарықтағы бағасы – 2200-2300 теңге. Жұмыртқаның бағасы нарықта 450 теңге болатын болса, мында – 330 теңге. Құс еті де біршамаға арзан.

Жалпы, азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі барысында сенбіден бері 5 мың тоннаға тарта өнім сатылған. Шаһар тұрғындарының құлағына алтын сырға. Бұл іс-шара 16 желтоқсанға дейін жалғасады.

Алдияр Айтпаев