Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Нұр-Сұлтан қаласында брифинг өткізді

2021-ші жыл СҚ үшін нәтижелі болды. 12 айдың ішінде өңірде 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 22 процентке артып, 393 млрд теңгені құрады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы саласында биыл инвестиция көлемі 140 миллиард теңгеге жетпек. Қазақстандағы агроинвестицияның төрттен бірі біздің облыстың үлесінде. Биыл агроөнеркәсіп саласында 48 млрд теңгеге 34 жоба жүзеге асуда.

Жобалар – ауқымды. Өңірде майлы дақылдарды өңдейтін Қазақстандағы ең қуатты зауыт салынуда. Кәсіпорынды тұрғызуға 15 млрд теңге инвестиция тартылады. Сондай-ақ, облыста 7 астық сақтау қоймасы мен тұқым шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылы жылына 3 мың тоннаға жуық көкөніс өсірілетін жылыжай да қолданысқа тапсырылмақ. Өлкедегі сүт өндірісін айтпай кетуге болмайды. Солтүстік Қазақстан сүт фермаларын салу бойынша – көш басында.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазақстанда биыл 29 сүт кешені салынуда, оның жартысы біздің облыстың үлесінде. Биыл 16 ферманың құрылысын бастадық, жыл соңына дейін 10 кешенді іске қосамыз. Тек осы фермаларда ғана 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа фермалар қосымша 45 мың тонна өнім бермек. Осы жобалардың арқасында бір жылдың ішінде сүт өндіру көлемі 598 мыңнан 630 мың тоннаға дейін өседі.

Мал шаруашылығының екінші бағыты да кенжелеп қалмауы тиіс. Бұл ретте ет өндіруді 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін өсіру жоспарда бар дейді Құмар Ақсақалов. Қазір Уәлиханов және Ақжар аудандарында 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Ал, қой шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы өңірлік бағдарлама қолға алыныпты. Нәтижесінде 3 асыл тұқымды репродуктор құрылып, 13 мыс бас қой жеткізілді. Құс етінің импортын қысқартуға да басымдық берілуде. Ол үшін Қазақстанда 11 фабрика салынып жатыр. Соның екеуі теріскейде орын теппек. Кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін солтүстікқазақстандықтардың құс етіне деген сұранысы толық қанағаттандырылады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өндіріс саласын да дамытудамыз. Фанер комбинаты іске қосылғалы 8 жарым мың текше метр өнім шығарды. Зауыт ел қажеттілігінің 10 пайызын қамтамасыз етуде. Қазір инвестор ДСП жасау жөніндегі жобаны қолға алып, 4 млрд теңге құймақ. Жұмсақ контейнерлерге де сұраныс жоғары. Бүгінге дейін жалпы құны 1,2 млрд теңгеге 220 мың биг-бег әзірленді.

Инфрақұрылым да 2021-де әжептәуір жақсарды. 813 шақырым жол жөнделді. Ал, 44 елді мекенде ауылішілік жолдарға асфальт төселді. Тіршілік көзі мәселесі де шет қалған жоқ. Ағымдағы жылы салаға бағытталған қаржы 11,4 млрд теңгені құрады. Оның игілігін қазір ауыз су сапасы жақсарған 49 ауылдың тұрғындары көріп отыр. Десе де, мәселелер де жоқ емес. Биыл қауырт маусымға дайындық кезінде көмір тапшылығы байқалды. Қазіргі ахуал қандай?

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір тұрғындарының арасында көмірдің 3 түріне сұраныс аса жоғары. Олар: Қара-жара, Майқұба мен Шұбаркөл. Шұбаркөлдің тапышылығы байқалды. Ол карьерден кәсіпкерлерге уақытылы жеткізілмегендіктен орын алды. Министрлікке хат жолдадық. Мәселе шешімін тапты.

Өңірдегі көмір тапшылығына қарамастан қалталарын қампитқысы келгендер де табылыпты. Кей кәсіпкерлер қара отынды Ресейге қымбатқа сатпақ болған. Облыстық әкімдік бейінді Министрлікке хат жазып, бүгінде пысықайларға тосқауыл қойған. Журналистерді облысқа жуырда Ираннан көшіп келген қазақтардың жайы толғандырды. Көшіп келген ағайынның сөзінше, мемлекет тарапынан тиісті көтермеақы бөлінбепті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 25 отбасы көшіп келді. Олардың 16-сы Ираннан көшіп келді. Оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттарын рәсімдеу керек. Бірінші кезекте Қазақстанның азаматтығын алуы керек. Содан кейін ғана Еңбек бағдарламасы бойынша көмек көрсетіледі.

Бүгінде өңірге көшіп келемін деген жандар жұмыспен де, үймен де қамтылуда. Бизнес ашып, мемлекеттен қайтарымсыз грант, жеңілдетілген кредит алуға да мүмкіндік бар. Қысқасы – жаңа жерде тұрамын, еңбектенемін, аймақтың дамуына үлесімді қосамын деген азматтарға барлық жағдай жасалуда деді облыс әкімі.

Эльмира Садвокасова