Қылмыс

Қос ұры қолға түсті

Қолының қыспасы бар қос қызылжарлық алдымен жекеменшік үйге түседі. Олар баспанадан жалпы құны 150 мың теңге болатын зергерлік бұйымдарды қолды қылады. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” дегендей, араға бірнеше күн салып «Океан» сауда үйі маңындағы бутикте ұрлық жасайды. Мұнда баукеспелер сауда құрылғылары мен ақша жымқырады. Айта кеткен жөн, баукеспелер бейнебақылау камералары арқылы анықталыпты.

Әсет Мұқұшев, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын істі болған 35 және 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғындары ұсталды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2 және 3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленіпті. Күдіктілер қамауға алынған екен. Кінәлары толық дәлелденсе, 2-ден 7 жылға дейін сотталуы немесе бас бостандықтары шеттелуі мүмкін.

Үйде, автокөлік салонында қалған ақша, құжат немесе құнды заттар ұрылардың оңай олжасына айналуы мүмкін. Сондықтан, тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарын өз мүліктеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Байболат Култанов