Бизнес және экономика

Биыл шалақындық 65 азамат “Бастау” жобасына қатысқан

Сергеевка қаласындағы алғашқы тігін цехы осыдан 3 күн бұрын ашылған. Тапсырыс берушілердің саны әлден сағат сайын артып жатқан көрінеді. Жұмыс қызу. Мамандардың бірі күртені қысқартып, кемшін тұстарын түзеп жатса, екіншісі жаңажылдық кешке арналған костюм тігуде.

Данагүл Қайырбаева, кәсіпкер, Шал ақын ауданы:

Ательені ашпас бұрын әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Сергеевка қаласы тұрғындарының біраз бөлігі жобамызды қолдайтындықтарын, аудан орталығына осындай орталықтың қажеттігін айтты. Көптің қолдауымен өз ісімізді бастадық.

Кәсіпкер, әзірге, бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Қарлығаш Арыстанбекова 2 баласымен бірге Шал ақын ауданына қыркүйекте Ташкент қаласынан көшіп келіпті. Нәзікжанды баспанамен қамтылған, ал желтоқсан айының соңында Қазақстан азаматтығын алады. Содан кейін қаржылай квота беріледі.

Қарлығаш Арыстанбекова, Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Жұмыспен қамту орталығы маған осы жерде жұмыс бар екендігін айтты. Сол себепті келдім. Бүгін – екінші күн. Жұмыс күнім жақсы өтуде. Тапсырыс бар.

– Тігуді қайдан үйрендіңіз? Тәжірибеңіз бар ма?

– Мен оқып үйренген емеспін. Өзім қызығам.

Іскер келіншектің айлық табысы жұмыс көлеміне байланысты болады екен. Әзірге, бастау жаман емес. Тігін цехін Данагүл Қайырбаева жолдасы екеуі “Бастау” бағдарламасына сүйеніп ашқан. 600 мың теңгеге жуық гранттық қаржыға жалға алған бір бөлмені жөндеп, 3 тігін машинасын сатып алған.

Данагүл Қайырбаева, кәсіпкер, Шал ақын ауданы:

Цехты өткен жылы грант берілген уақытта ашпақшы болып едік. Бірақ, нысанды жалға алу жұмыстары мен жөндеу ісі біраз уақытқа созылып кетіп, ойымыз іске аспай қалды. Арманымызды биыл жүзеге асырып отырмыз.

Қайырбаевтар отбасы сияқты өз кәсібін ашу үшін биыл Шал ақын ауданының 65 тұрғыны «Бастау» жобасына қатысқан. Барлығына қайтарымсыз грант беріліпті.

Аңсар Найманов, Шал ақын аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

Бізде қой, сиыр, жылқы бағумен айналысатын адамдар көп. Осындай ателье ашқандар қазірге – біреу. Шал ақын ауданында жұмысшылардың жетіспеушілігіне қатысты қиындықтар жоқ.

Қайтарымсыз грантқа ие болғандардың 30-ы өз істерін әрмен қарай дөңгелету үшін мемлекеттен 118 млн теңге көлемінде шағын несие алған.

Маржан Касымбек