Балалар

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 жанұя марапатталды

“Жас отбасы” клубы ағымдағы жылдың мамыр айынан жұмыс істеуде. Содан бері ерлі-зайыптылар жасы 44-ке дейінгі 40-тан аса жанұяның басын қосқан. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты ұйым мүшелері онлайн форматта жиындар ұйымдастырыпты. Бір-біріне демеу болып, заң, банк жүйесі, психология, бизнес сынды түрлі саланың мамандарынан ақыл-кеңес алған. Клубтың құрылғандағы мақсаты да осы еді.

Даяна Оспанова, “JE SKO штабы” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Жиындарға заңгерлер қатысып, кеңестерін берді. Негізінен толық емес және көпбалалы отбасыларға қарастырылған мемлекеттік көмекті рәсімдеу бойынша сөз қозғалды. Ал психологтар бала мен ата-ана арасындағы байланыс пен қарым-қатынасқа тоқталды. Сондай-ақ, “Отбасы банкінің” мамандарын шақырып, тұрғын үй бағдарламалары туралы ақпараттандырдық.

Наталья Жәнібекова – көпбалалы ана. Үлкені 16-да болса, кішісі 2 жаста екен. Қазір нәзікжанды декреттік демалыста отыр. Оның сөзінше, күнделікті күйбің тіршілігі “Жас отбасы” клубының арқасында түрленген. Жиындар, конкурстар және сарапшылармен өткізілген эфирлер бала күтімі мен үй шаруасына толы өмірде бір жұтым таза ауадай болыпты.

Наталья Жәнібекова, қала тұрғыны:

– Біз клуб құрылған сәттен бері мүшелік етудеміз. Ұйым туралы әлеуметтік желілерден біліп, қызығушылық таныттым. Өткізілген бірде-бір эфирден қалған жоқпын. Барлығы пайдалы мағлұматқа толы әрі қызықты болды. Байқауларға да қатысып, бағымызды сынадық.

Клуб жетекшілерімен жарты жыл бойы онлайн-кездесулерден бөлек, конкурстар мен спорттық жарыстар да ұйымдастырылыпты. Бүгін ұйымның 2021-дегі жұмысы қорытындылануда. Осы уақыт ішінде шараларға белсене ат салысқан 30 жас отбасы кішігірім марапатқа ие болды. Жанұяларға алғыс хаттар мен тәттіге толы қорап сыйға тартылды. Ұйымдастырушылар клуб ісін келесі жылы да жалғастырмақ ниетте.

Эльмира Садвокасова