Спорт

Шаһарда көркем және спорттық гимнастикадан жарыс өтуде

Іңкәр Сәлімжан 7 жаста. Соған қарамастан бүлдіршін ортада шыр көбелек айналып, жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Оның көркем гимнастикамен айналысып жүргеніне 3 жыл болыпты. Сондықтан болар, бойында еш үрей байқалмайды. Дайындаған композициясын мінсіз орындап шықты.

Іңкәр Сәлімжан, жарысқа қатысушы

– Бұл жарысқа мен көп дайындалдым. Өзімнің көрсеткен өнерім ұнады. Бұған дейін Нұр-Сұлтандағы жарысқа қатыстым. Онда 1-ші орын алдым. Бүгін де медаль алып, ата-анамды қуантқым келеді.

7 жастағы қыздардан кейін ортаға бұдан да кіші жастағы бүлдіршіндер шығып, өнер көрсетті. Жалпы, көркем гимнастикадан ашық қалалық біріншілік Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып отыр. Спорт сарайында ұйымдастырылған додаға 130-ға тарта спортшы қатысуда.

Анастасия Норкина, жарыстың бас төрешісі:

Көркем гимнастикаға енді келген бүлдіршіндер арнайы құрал-жабдықтарсыз өнер көрсетеді. Ал тәжірибесі бар қыздар спорттық снарядтарды қолданады. Бұл жарысқа қатысып отырған ең кіші гимнаст небәрі 5 жаста.

Ал гимнастикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спортттық гимнастикадан мектепішілік жарыс өтуде. Көптің ішінен Марк Ковчинский есімді жеткіншек бірден көзге түсті. Оның өнеріне төрешілер жоғары баға берді.

Марк Ковченский, жарысқа қатысушы:

Бұл спортқа 5 жасымда келдім. Бастапқыда қиын болды. Қазір 11 жастамын. Бүгінгі күнге дейін бірталай жетістікке қол жеткіздім.

Мектепішілік бұл жарысқа 100-ден астам ұл-қыз қатысуда. Сайыста жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылар алдағы жарыстарда бақ сынау мүмкіндігін иеленеді екен.

Руслан Қожаев, гимнастикадан БЖСМ жетекшісі:

Жарыс бүгін және ертең өтеді. Яғни, екі күн бойы 2007-2016-шы жылдар аралығында туған ұл-қыздар өзара бақ таластырады. Олар халықаралық стандартқа сай спорттық снарядтармен өнер көрсетулері тиіс. Айта кету қажет, бұл дода Ұлы Отан соғысының ардагері Ескендір Қадыровты еске алуға арналған.

Петропавлда өтіп жатқан қос жарыстың қорытындысы бойынша облыс құрамасы жасақталмақ. Іріктелген ұл-қыздар алдағы уақытта өңіріміздің намысын түрлі додаларда қорғайтын болады.

Алдияр Айтпаев