Спорт

Петропавлдық парапауэрлифтингші әлем чемпионатынан жүлделі оралды

Петропавлдық парапауэрлифтингші әлем чемпионатынан жүлделі оралды. Александра Пенькова есімді 16 жастағы қыз Грузия елінде өткен жарыста күміс медаль жеңіп алды. Айта кетерлігі, жасөспірімнің спортпен айналыса бастағанына небәрі жарты жыл ғана болыпты. Жалпы, Тбилиси қаласында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде 68 мемлекеттің 600-ге жуық спортшысы бақ сынаған. Жаһандық додада Қазақстанның намысын 3 теріскейлік қорғаған екен.

Александра Пенькова, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының тәрбиеленушісі:

– Халықаралық сайыс 24-ші қараша мен 18-ші желтоқсан аралығында өтті. Қарсыластарым мықты болды. Мұндай үлкен додаға бірінші рет қатыстым. Бұған дейін 1 рет республикалық жарыста ғана бақ сынағам. Грузияда 33 келілік зілтемірді кеудеден көтеріп, 2-ші орын иелендім.

Руслан Долобаев, Александра Пенькованың бапкері:

– Бұл – парапауэрлифтингіден Солтүстік Қазақстан облысының қоржынына түскен алғашқы медаль. Яғни, өңіріміздің спортшысы әлем чемпионатында тұңғыш рет жүлде еншілеп отыр. Тағы да айта кеткен жөн, биыл елімізден жаһандық сайысқа 30-дан аса адам қатысты. Бұған дейін мұнша спортшы қатыспаған еді. Жалпы, Грузияда жасөспірімдер 3 күміс пен 1 қола медаль еншіледі. Ал ересектер арасынан 1 алтын жүлдеміз бар. Мұндай жетістік ел тарихында алғаш рет тіркелді.

Бердимурат Баймухан