Мәдениет

Облыстық кітапханада Тәуелсіздік күніне орай әдеби-музыкалық кеш өтті

Кеш шымылдығын жас ақын Диас Аяған ашты. Қозыбаев университетінің студенті Тәуелсіздікке арнау дайындап келіпті. Тырнақалды туындысында егемендік алу жолында халықтың бастан кешкен қиындықтарын жазған, азаттықтың ақ таңын аңсап, өмірлерін қиған боздақтардың ерлігін жіпке тізген екен.

Диас Аяған, Қозыбаев университетінің студенті:

– Тәуелсіздікке 4 өлең арнадым. Әрине, бұнымен тоқтап қалмаймын. Тәуелсіздік – мәңгілік тақырып, ол әр уақытта жырлана береді. Тәуелсіздіктің ұрпағы ретінде мен үшін Тәуелсіздік қымбат. Ол бізге еркіндік берді.

Бұл кеште тәуелсіз елдің ұрпақтары қара өлеңнен де, әннен де шашу шашты. Кейін, аға буын өкілдері сөз алды. Олар жастарға ақылдарын айтып, егемендіктің мән-маңызына тоқталды, өз ойларын білдірді. Мысалы, Қозыбаев университетінің профессоры Зылиха Бимақанова “Тәуелсіздік құндылықтары” тақырыбында баяндама оқыды.

Зылиха Бимақанова, Қозыбаев университетінің профессоры

 Ата-бабаларымыз бұл күнді ғасырлап аңсады. Бүгінгі күні біздің еліміз – тәуелсіз. Қазіргі жастар тәуелсіздік ұғымын жақсы түсініп, оны келер ұрпаққа сол қалпында жеткізулері керек.

Әдеби-музыкалық кешке Қозыбаев университетінің және Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенттері қатысты.

Алдияр Айтпаев