Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі орталық коммуникациялар қызметінде 12 айды қорытындылады

Облыс экономикасы қиындықтарға қарамастан дамып келеді. Барлық негізгі салалар бойынша өсім бар. Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов елордада өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Өңір жетекшісі 2021-ші жылғы жетістіктерге кеңінен тоқталды. Атап айтар болсақ, 813 шақырым жолдың жағдайы жақсарды. 44 елді мекеннің ауыл ішілік жолдарына асфальт төселді. Тіршілік көзі мәселесін шешуге биыл 11,4 млрд теңге бөлінді.

Нәтижесінде 49 ауылдағы ауыз судың сапасы жоғарылады. 12 айдың ішінде 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында инвестиция көлемі 140 млрд теңгеге жетпек. Қазақстандағы агроинвестицияның төрттен бірі біздің облыстың үлесінде. Биыл агроөнеркәсіп саласында 48 млрд теңгеге 39 жоба жүзеге асырылуда. Өңірде 7 астық сақтау қоймасы мен тұқым шығару зауыты салынуда. Аққайыңдар өлкесі сүт фермаларын салу бойынша да көш басында. Қазір елде ақ өндірісімен 500 шаруашылық айналысса, оның 90-ы біздің облыста орналасқан. Яғни, әрбір бесінші ферма теріскейде шоғырланған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ет өндіруді 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін өсіру жоспарда бар. Бұл мақсатқа жету үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Қазір елімізде құс етінің 40 проценті – импорттық өнім. Оны қысқарту үшін Қазақстанда 11 құс фабрикасы салынады. Тек біздің облыста 2 жаңа құс фабрикасының құрылысы басталып кетті. Соның бірі Аққайың ауданында бой көтеруде. Қазақстандық компания бройлер құс фабрикасының құрылысына 5,4 млрд теңге инвестиция құйып отыр. 168 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа кәсіпорын жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін болады. Осылайша, облыстың құс етіне деген қажеттілігін толық қамтамасыз етеміз. Қой шаруашылығын дамыту үшін өңірлік бағдарлама қабылданды. Облысқа 13 мың бас қой жеткізілді. 3 асыл тұқымды репродуктор құрылды.


Бердимурат Баймухан