Мәдениет

Қазақ театрында – жаңа премьера

Қойылым басталған сәттен-ақ көрермендерді баурап алды. Спектакль ел басына күн туған қиын-қыстау заманды бейнелейді. Үш жүз үш жаққа ыдырап, билікке таласа бастаған кезең. Сол кезде мұны жоңғарлар тиімді пайдаланып, қазақ жеріне шапқыншылық жасай бастайды.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында ханның ұрпағынан жалғыз, жетім қалып қойған 13 жастағы Әбілмансұр жаулардан қашып құтылып, Төле бидің қолына келеді. Жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қояды.

Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болған Сабалақ ер жетіп жаудан елін қорғауға аттанады. Ұрыстардың бірінде жас жігіт жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батырын өлтіреді. Жеңісті ұрыстан соң Сабалақ атасының аруағын шақырып, жауға Абылайлап ұран салады.

Осыдан кейін небәрі 20 жастағы жігіт Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Сабалақ есімі ұмытылып, бүкіл қазақ халқына Абылай деп танылады. Қазақ хандығының 18-ші ханы, үш жүздің басын біріктіріп, елдің елдігін сақтап қалған Абылай ханның рөлін С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері Айбол Қасым сомдауда. Жас актер бірегей тұлғаны сомдау зор жауапкершілік дейді.

Айбол Қасым, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– “Елім-ай” қойылымында Сабалақтың, Абылайдың рөлі маған бұйырыпты. Бұл – өнерге келген әр актер үшін үлкен арман. Жалпы, бұл драмада Абылайдың 13 жастағы бала кезінен хандыққа бекітілгенге дейінгі өмірі көрсетіледі. Бәрін бір өзім ойнаймын.

Дана саясаткер Абылай ханның тарихтағы орны ерекше. Себебі, қазақтың бүгінгідей егемендігіне қол жеткізіп, іргелі мемлекет болуының берік негізі Абылайдың дәуірінде қаланды десек, артық айтпаспыз. “Елім ай” тарихи драмасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев сахналады.

Сайлау Қамиев, қоюшы-режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл қойылымға театр труппасының барлығы қатысты. Тәуелсіздік күніне арналған “Елім-ай” тарихи драмасы жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтың шығармасының желісі бойынша сахналанып отыр.

Барлық театр труппасы бір адамдай ат салысқан спектакль ешкімді бейжай қалдыра алмады. Көрермендер актерлерге бірнеше минут бойы қол соғып, алғыстарын білдірді.

“Елім ай” спектаклі көңілімнен шықты. Маған өте ұнады.

Бүгін немерем осы спектакльде өнер көрсетті. Мықты қойылым болды.

Ұнағанда қалай. Керемет қойылым болды. Актерлерге алғысымызды білдіреміз.

Тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығана арналған “Елім-ай” тарихи драмасы дәл мереке күні көрермен назарына қайта ұсынылмақ.

Дана Ешкенова