Мәдениет

«Ағаш – тамырымен, адам – досымен мықты» көрмесі ашылды

Көрменің ашылу салтанатына жергілікті оқу орындарының студенттері мен қала тұрғындары келген. Өнерсүйер қауым он саусағынан бал тамған жандардың жұмыстарын қызыға тамашалауда. Мұндағы заттардың барлығы ағаштан дайындалған. Ғабит Темірбеков қолөнерге жастайынан әуес екен. Азамат алыстан көз тартар түрлі интерьерлік дүниелерді жасағанды жаны сүйетінін айтады.

Ғабит Темірбеков, қала тұрғыны:

Ағаштан бөлек, сүйектен де әдемі заттар жасай беремін. Бұған хобби ретінде қараймын. Жарамсыз материалдарды жинап алып, олардан бөлме мен қоғамдық тамақтану орындарына қоятын әдемі дүниелер ойып шығарамын. Іске кез келген ағаш жарай береді.

Көрмеде ұлттық ыдыс-аяқтарды, жиһаздарды, ат әбзелдерін де кездестіруге болады. Қолөнер туындыларының барлығы 18 бен 20-шы ғасыр аралығындағы стильде жасалған.

Ақмарал Елеусізова, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің қор сақтаушысы:

Қазақ халқының қолданбалы өнерінің бірі – ағаш өңдеу кәсібі. Бұл – біздің ең басты бай мұрамыз. Себебі, кезінде қазақтың киіз үйінен бастап, жиһазы, ыдыс аяқтары мен көлік құралдарының бөлшектері ағаштан жасалған болатын. Бұл мұраны өскелең ұрпаққа жеткізу – көрменің басты мақсаты.

Көрменің ашылу салтанатына жиналған қауым ерекше туындыларынан бөлек, жергілікті әнші-бишілердің өнерін де тамашалады. Ал шара соңында қолөнершілерге Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атынан алғыс хат табысталды.

Бердимурат Баймухан