Қоғам

Жемқорлықпен күреске үлес қосқан жандар марапатталды

 

Алғаш болып Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов сөз сөйледі. Ол жиналғандарды атаулы датамен құттықтап, 30 жылда атқарылған ауқымды шаруаны жіпке тізді. Айтуынша қазіргі күні Қазақстан біріккен ұлттар ұйымы қабылдаған жемқорлыққа қарсы конвенция негізінде өзге мемлекеттермен етене жұмыс істеп келеді. Аталған келісім аясында елімізге шет мемлекеттерге асып кеткен қаржының көп бөлігі қайтарылған.

Жарқын Ғалымов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қазақстан бұл құжатқа 2008-ші жылы қол қойып, әріптестік жөнінде келісім жасасты. Конвенцияның мақсаты – бармақ басты, көз қыстылықты жоюға бірге ат салысып, жымқырылған қаржыны сол елдің өзіне қайтару. Бүгінде аталған құжатқа 140-қа жуық мемлекет қол қойды.

Сонымен қатар, шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов те сөз алып, жемқорлықпен күрес жолында елеулі еңбек атқарып жүрген жандарға алғысын айтты.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Менің ойымша тәуелсіздіктің мәңгі болуы сыбайлас жемқорлықтың болмауына байланысты. 30 жылда жаңа мемлекет құрылды. Бірақ, оны сақтап қалу үшін қоғам парасатты және жемқорлықтан таза болуы керек. Біздің мақсатымыз – осы жолда қызмет ету. Осы жылы жергілікті сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің өкілдерімен бірге ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес, оны халық арасында насихаттау жолында жергілікті департамент мамандарынан бөлек түрлі орган өкілдері, қоғам белсенділері мен БАҚ саласының қызметкерлері де елеулі еңбек етіп жүр. Осы орайда бүгін 20-ға жуық жан бейінді департамент басшысының марапатына ие болды.

Бердимурат Баймухан