Қоғам

СҚО-да 18 мемлекеттік қызметші Тәуелсіздікпен бірге жасасып келеді

 

Тамаша Мүжібаева еңбек жолын тура 91-ші жылы Булаево қаласында бастапты. Сол кезде 18 жаста болған екен. Аудандық әкімдікте маман, бас маман, жетекші маман қызметтерін атқарған. Осылайша, Мағжан Жұмабаев ауданында 25 жыл бойы еңбек етіпті. Облыс орталығына ауысқанына 5 жыл болған.

Тамаша Мүжібаева, Петропавл қаласы әкімінің аппараты бөлімінің бас инспекторы:

Биыл әлем картасында тәуелсіз Қазақстанның пайда болғанына – тура 30 жыл. Бүкіл қазақстандықтар үшін және жеке өзім үшін бұл санның мәні зор. Себебі, биыл менің мемлекеттік қызметте жүргеніме де 30 жыл.

Тамаша Мүжібаеваның мемлекеттік қызметтегі міндеті – тұрғындардан түскен өтініш-арыздарды тіркеп, қарастыру. Яғни, халықты билікпен байланыстырып, проблемалардың шешілуіне ат салысу. Айта кету қажет, өңірімізде еңбек жолын осыдан тура 30 жыл бұрын бастап, маман ретінде Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан 18 мемлекеттік қызметші бар. Қазіргі таңда бейінді департамент өкілдері осы жандар мен Тәуелсіздік құрдастарына арнап акция өткізуде.

Махаббат Самрат, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

Еліміздің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінде интернет-акция өтіп жатыр. Бұл іс-шараға “Мемлекеттік қызметке 30 жыл” хештегімен 32 Тәуелсіздік құрдасы және 30 жылдық еңбек өтілі бар 18 мемлекеттік қызметші қатысуда. Акцияның басты мақсаты – осы санаттағы мамандарды атап өту. Бұл облыс деңгейінде өтуде. Дені – аудандық қызметкерлер.

Өңірде Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан мемлекеттік қызметшілердің дені бас маман болып еңбек етеді.

Алдияр Айтпаев