Денсаулық сақтау

Өңірде Pfizer вакцинасының екінші компоненті салынуда

 

Әдия Мұрат №3 қалалық емханаға Pfizer вакцинасының екінші компонентін алу үшін келіпті. Қасында анасы бар. Жасөспірім екпенің 1-ші дозасын осыдан 21 күн бұрын қойдырған екен.

Әдия Мұрат, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Ата-анаммен ақылдаса келе вакцина алуға шешім қабылдадым. 1-ші вакцинадан кейін ешқандай шағым болған жоқ. Өзімді жақсы сезіндім. 4-30 Отбасымда бәрі екпе алды.

Әдия Мұраттан бөлек, бүгін Pfizer вакцинасын алу үшін №3 қалалық емханаға 20-ға тарта солтүстікқазақстандық келіпті. Басым бөлігі – жасөспірімдер. Жалпы, қарашаның 22-сі күні басталған иммундау шарасына 4 мыңға тарта теріскейлік қатысқан.

Низаматдин Аметов,№3 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

Pfizer вакцинасын егу жұмыстары басталғалы емханамызда 340 адам иммундалды. Оның 290-ы – 12 мен 18 жас аралығындағы балалар. Қалғаны – жүкті және бала емізетін нәзікжандылар. Балаларға екпе ата-аналарының келісімі бойынша салынады.

№3 қалалық емханада ревакцинация да жүргізіліп жатыр. Яғни, осыдан 6 ай бұрын вакцина алған жандар екпенің 3-ші компонентін қойдыруда.
Әзірге, иммундаудың бұл сатысынан 3 мың солтүстікқазақстандық өтіпті.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Вакцинация қарқыны жаман емес. Дегенмен, өңірімізде мүлде екпе алмаған 100 мыңнан астам адам бар. Олардың дені – алпыстан асқан адамдар. Ревакцинацияға келетін болсақ, бүгінге дейін екпенің 3-ші компонентін 30 мыңнан астам теріскейлік салдыра алады.

Тілшілермен тілдескен соң, ревакцинациядан Нұрлан Айманов өзі де өтті. Айта кету қажет, бүгінде екпенің қос құрамын да алған солтүстікқазақстандықтардың саны 250 мыңға жуықтайды.

Алдияр Айтпаев