Денсаулық сақтау

Өңірде дін қызметкерлерінің 95 пайызы иммундалған

 

Өңірде дін қызметкерлерінің 95 пайызы иммундалған! Мұны арна тілшілеріне облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы айтты. Хамзат Әділбековтың сөзінше, коронавирусты ауыздықтау үшін жамағат жаппай вакцина қойдыруы қажет. Бұған шариғат рұқсат етеді. Яғни, әрбір мұсылман баласы екпе салдырып, өзін және жақындарын жер-жаһанға жайылған инфекциядан қорғай алады.

Әңгіме барысында Ұмра немесе кіші қажылық жайлы да сөз қозғалды. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған жамағат қасиетті Меккеде 5 парыздың бірін орындауда. Айта кетейік, биыл Сауд Арабиясының билігі ел аумағына иммундау шарасынан өткен жандарды ғана кіргізді. Әзірге, Солтүстік Қазақстан облысынан Қағбаны айналып, құдайға құлшылық ету үшін шекара асқан адам анықталмапты.

Хамзат Әділбеков, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Құранда мынандай аят бар: “Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар”. Ғылыми тұрғыда біз ғалымдардың пікіріне сүйенеміз. Олар вакцина алу қажет десе, алуымыз қажет. Бұл – шариғатымызда бар әмір.

Байболат Култанов