Денсаулық сақтау

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері вакцина алуда

Клим Савельев Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің 1-ші курсында білім алуда. Бүгін студент вакцинаның алғашқы компонентін қоюға келіпті. Иммундау шарасынан өтудің маңыздылығын бозбала жақсы түсінеді. Себебі, мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылы біресе дәстүрлі, біресе онлайн форматта өткен. Мұның биыл да қайталанғанын қаламайды. Болашақ мамандығы – автоэлектрикті теория емес, практика жүзінде меңгеру қажет дейді Клим.

Клим Савельев, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Біздің топта 26 адам оқиды. Егер кімде-кім коронавируспен ауырып қалатын болса, барлығымызды карантинге жабуы мүмкін. Әрі біз де індетті жұқтырып алуымыз ықтимал. Сондықтан, вакцина алуды шештім. Ал курстастарым әлі ойланып жүр.

Ұжымдық иммунитет идеясын қолдайтындардың бірі – Виктор Лопатин. Жасөспірім колледж жатақханасында ағасымен бірге тұрады. Ол жаз мезгілінде коронавирусқа қарсы екпе алыпты. Екеуі де колледж, сауда орталықтары сынды адам көп шоғырланатын орындарға жиі баратындықтан, иммундау науқанынан өткен.

Виктор Лопатин, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Мен екпе алмас бұрын анаммен кеңестім. Үйде – 5 адамбыз. Барлығы иммундау шарасынан өтті. Препаратты қойғаннан кейін сәл әлсіздік байқалып, аздап температура көтерілді. Есесіне қазір індеттен қорықпай, емін-еркін жүре алады. Мен де вакцина аламын деп шештім.

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде барлығы 428 студент білім алуда. Олардың 36-сы бүгінде иммундау шарасынан өтуге ниет білдіріпті. Барлығының ата-аналары рұқсаттарын берген. Жасөспірімдерге Pfizer компаниясының “Comirnaty” вакцинасы қойылуда. Ал 21 күннен кейін қыз-жігіттерге препараттың екінші дозасы егіледі.

Эльмира Садвокасова