Денсаулық сақтау

Өзің мен өзгелерді індеттен қорға

Раиса Мощина – 82 жаста. Нәзікжанды 40 жыл бойы бұрынғы МЛД зауытында токарь болып қызмет еткен. Құрметті еңбек демалысына шыққанда ол қоғамдық істерге белсене араласыпты. Кәсіпорын зейнеткерлерінің басын қосатын бастауыш ардагерлер ұйымына мүшелік еткен. Әр мейрамда ол қарияларды құттықтап, концерттерге қатысқан. Бос уақытында музейлерді аралап, жиі театрға барған екен. Қызыққа толы өмірі 2020-ның наурызында 180 градусқа өзгерді. Осымен 2 жылдай уақыт Раиса Мощина 4 қабырғаға қамалып отыр. Бұрынғы өмірге тезірек оралмақ ниетте биыл иммундау шарасынан өтіпті.

Раиса Мощина, зейнеткер:

– Маған таныс медбике инфекциялық стационарлардағы жағдайды баян етті. Айтуынша вакцина алмаған жандар дерттің өте ауыр формасына шалдығып жатыр. Өзіміз де қайғылы хабарларды жиі алатын болдық. МЛД зауытының бастауыш ардагерлер ұйымына мүшелік еткен бірқатар жан коронавирустың кесірінен өмірден озды. Ахуал күрделі болғандықтан, қорғану мақсатында вакцина алуды шештім.

Алдымен Раиса Владимировна емханаға барып, дәрігердің жіті бақылауынан өткен. Ақ халаттылар қарияның дене қызуын, қан қысымы мен қандағы оттегі мөлшері сынды негізгі көрсеткіштерді тексерген. Барлығы нормаға сай болғандықтан, нәзікжанды шілденің 8-і ресейлік «Спутник V»-дің алғашқы компонентін алыпты. Ал, 21 күннен кейін екінші дозасын қойдырған.

Раиса Мощина, зейнеткер:

– Мен вакциналаудан кейін өзімді жақсы сезіндім. Ешқандай теріс әсері байқалмады. Екі балам да отбасымен бірге иммундау шарасынан өтті. Жақын араласатын қатарластарым мен достарымның да барлығы коронавирусқа қарсы екпе қойдырды. Біз күнделікті бір-бірімізге қоңырау шалып, хабар алмасып тұрамыз.

Қария барша солтүстікқазақстандықтарды да вакцина алуға шақырады. Әрі қорғаныс шараларын ұмытпаған жөн дейді Раиса Мощина. Айтуынша, бүгінде тұрғындардың басым бөлігі, әсіресе жастар жағы медициналық маска тақпайды.

Эльмира Садвокасова