Денсаулық сақтау

Өңірде “Comirnaty” препаратын 3600-ге жуық адам алды

Алина Зарипова 4-ші емханаға тіркелген. Нәзікжанды мамыр айының басында дәл осы мекемеде иммундау шарасынан өткен. Ресейлік “Спутник V” препаратын салдырыпты. “Екпенің екеуінде де кері әсер байқалған жоқ”, дейді.

Алина Зарипова, қала тұрғыны:

Пандемияның 1-ші толқыны кезінде мен коронавируспен ауырып шықтым. Сол себепті, иммундау науқаны басталған кезде екпе аламын деп шештім. Әрине, тәж вирусына қарсы екпе алу – әркімнің өз қалауы. Дегенмен, өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін иммундау шарасынан өту керек, деп ойлаймын.

Алина Зарипова 1 айдан кейін 4-ші сәбиін құшағына алмақ. Босанған соң 42 күннен кейін ол ревакцинациядан өте алады. Егер үшінші рет екпе алатын болса, жас анаға АҚШ-тың “Comirnaty” препараты қойылады. Жалпы, “Денсаулық” коммерциялық емес жекеменшік мекемесінде 100-ден астам жүкті әйел тіркеуде тұр. Олардың 87-іне “Comirnaty” екпесін салуға рұқсат берілген. Осы ретте айта кетейік, жүкті нәзікжандыларға мынадай жағдайда вакцина алуға болмайды.

– түрлі препараттарға аллергия болса;

– жүктіліктің алғашқы 16 аптасында;

– жүктілік мерзімі 37 аптадан асса;

– жіті инфекциялық аурулар кезінде;

– антикоагулянт терапия қабылдап жүрген әйелдерге, қан ұю жылдамдығы бұзылған әйелдерге екпе алуға болмайды.

Егер жүкті әйелдерде мұндай кері әсерлер болмаса, мамандар болашақ аналарға коронавирустан қорғану үшін вакцина алуға кеңес береді.

Ермек Сандыбаева, “Денсаулық” коммерциялық емес жекеменшік мекемесі директорының орынбасары:

Тәж вирусына қарсы екпе ананың құрсағындағы балаға кері әсерін тигізбейді. Керісінше, иммундалған анадан сәбиіне антиденелер беріледі. Егер әйел вакцинаны жүктіліктің үшінші триместрінде салдырса оның антиденелері баланы кем дегенде жарты жыл қорғайды. Сондай-ақ, бала емізіп жүрген аналарға да вакцина алуға кеңес берем.

Бүгінге дейін “Денсаулық” мекемесінде тіркеуде тұрған кішкентай сәбиі бар 36 келіншек иммундау шарасынан өткен. Барлығының жағдайы жақсы. Сондай-ақ, 114 жасөспірім ата-аналарының рұқсатымен коронавирусқа қарсы екпе салдыртқан. Медициналық ұйым өкілдері қаладағы колледждермен тығыз байланыста. Ақ халаттылар ата-аналардың қатысуымен жиындар өткізіп, вакцинацияның тиімділігін түсіндіруде.

Ермек Сандыбаева, “Денсаулық” коммерциялық емес жекеменшік мекемесі директорының орынбасары:

Бүгінде балалар коронавирус індетін ауыр өткеруде. Көбіне оттегі терапиясы қажет болып жатады. Сондықтан, балаға міндетті түрде екпе егіп, мықты иммунитет қалыптастыру қажет. АҚШ-тың “Comirnaty” препаратының денсаулыққа зияны жоқ.

Бүгінге дейін облысымызда “Comirnaty” препаратымен 3600-ге жуық адам вакциналанған. Оның 2700-ден астамы – жасөспірім, жүзге жуығы – жүкті әйел және шамамен 730-ы – бала емізетін аналар.

Дана Ешкенова