Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қос тарап арасындағы нәтижелі әріптестік

Ресейдің Түмен облысы мен Солтүстік Қазақстанның шекарасы 187 шақырымды құрайды. Оның басым бөлігі – орманды аумақ. Егер көршілес өңірлердің біріндегі тоғайдан өрт шықса, ол бір елден екіншісіне тез ауысуы мүмкін. Сондықтан, теріскейлік ТЖД мамандары Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарының құтқарушыларымен тығыз байланыс орнатқан.

Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:

– Біз тәулік сайын Түмен облысындағы әріптестерімізбен ақпарат алмасып отырамыз. Дәлірек айтсақ, ормандардағы ахуал бойынша ғарыштан түсірілген суреттер жібереміз. Сондай-ақ, жыл сайын бірлесе оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Бұл төтенше жағдайдың алдын алып, тез арада іс-әрекетке көшуге мүмкіндік береді. Қос тараптың нәтижелі жұмысы арқасында шекаралас аймақта соңғы 4 жылда алапат өрттер болған жоқ.

Биылғы жаз Түмен облысының төтенше жағдайлар басқармасы үшін оңайға соқпады. Үш ай қатарынан мұнда сынап бағанасы 30 градустан жоғары температураны көрсеткен. Әрі бір тамшы жауын жаумапты. Салдарынан орман өрті бас көтеріп, Түмен қаласы мен жақын аудандарға ұласқан.

Артур Хачатрян, Ресей Федерациясы ТЖМ Түмен облыстық басқармасының бастығы:

– Өртті ауыздықтауға 700-ге жуық маман тартылды. Абырой болғанда тілсіз жау шекаралас аймақтарға өткен жоқ. Қазақстандық әріптестерімізбен тасқын судың алдын алу бойынша да бірлесе жұмыс істейміз. 2016-17 жылдары қызыл су Түмен облысында бірнеше ауылды басқан болатын. Қазір қос мемлекеттің қолға алған шараларының нәтижесінде ахуал түзелді. Бірақ, үнемі бақылауда ұстап отырамыз.

Жиын соңында Солтүстік Қазақстан мен Түмен облысының бас құтқарушылары қос тараптың Төтенше жағдалар қызметінің бірлескен іс-қимыл жөніндегі жоспарға қол қойып, меморандум жасасты.

Эльмира Садвокасова