ТКШ

Қоқыс шығару тарифі өсуі мүмкін



– Бізде жалақы өте төмен. Мысалы, коммуналдық төлем үшін де біраз ақша кетіп қалады. Су, жарық қымбаттап жатыр. Сол себепті, қоқыс үшін төленетін тарифтің қымбаттауына қарсымын.

– Жұмасына бір рет шығарады. Мен «Жұмысшы» кентінде тұрамын. Көшелерде қоқыс шашылып жатады. Қазір шығармай жатыр, баға көтерілген соң да қоқысты шығармайды.

Тұрғындардың арасында бағаның көтерілуіне қарсы емес жандар да болды. Бірақ, қалалықтардың басым бөлігі тарифтің қымбаттауына наразылықтарын білдірді. Сөздерінше зейнетақы мен жалақының мөлшері аз. Ал, азық-түлік пен киім-кешек және көптеген қызмет түрлері қымбат. Егер қоқысқа төлейтін ақша қымбаттаса ол да аз да болса қалта қағады дейді. Көпті толғандырған мәселенің ара-жігін ашу үшін тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын компаниялардың бірінде жұмыс істейтін маманмен жүздестік. Олардың да мәселеге қатысты айтар базыналары бар екен.

Лариса Пономарева, «Мюльсервис» ЖШС бас маманы:

– Осыдан бірнеше ай бұрын біздің компанияда 32 қызметкер жұмыс істеді. Жалақы уақытылы төленбегендіктен олардың саны 24-ке дейін қысқарды. Жұмысын ауыстырғысы келіп жүргендердің қатары күннен-күнге артып барады.

Бұған бірнеше себеп бар дейді «Мюльсервис» серіктестігінің бас маманы Лариса Пономарева. Ең біріншісі ол – жанар-жағармай құнының өсуі. Екінші – техниканың қосалқы бөлшектері қымбат. Көлікті жөндеу үшін де қыруар ақша керек. Мәселен, 4 дөңгелекті ауыстырудың өзіне жарты млн теңге жұмсалады екен. Ал үшіншісі – компания базасындағы абоненттер тарапынан келтірілетін шығын.

Лариса Пономарев, «Мюльсервис» ЖШС бас маманы:

– Қазіргі күні біздің компанияның базасында 36,5 мың абонент бар. Жазда олардың 92 пайызы тұрмыстық қалдықтарды шығаруға төленетін ақшаны толық төлейтін. Қазіргі күні статистика 80 пайызға дейін төмендеді. Яғни, тұрғындар да жауапкершілікке аса мән бермейді.

Сондай-ақ, компаниядағы қызметкерлердің қатары азайғандықтан қаланың шеткері аумақтарындағы қоқысты шығаруға уақыт жетпей жатады екен. Сол себепті, демалыс күндері жүргізуші жалдауға тура келеді. Айта берсе аяқтан шалатын мәселе көп. Компания жалақы мен техникалық қызмет көрсетуден бөлек, полигонға апарған қоқыс үшін де ақша төлейді. Салыққа да біршама қаражат кетеді. Осы орайда тарифтің құнын көтермеуден басқа жол жоқ дейді мамандар. Егер келесі жылы баға өспесе, онда компания өз жұмысын тоқтатпақ.Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында қоқыс төгумен 4 кәсіпорын айналысады.

Бердимурат Баймухан