Білім

2021 жылы білім саласында атқарылған шаруа қорытындыланды

Соңғы үш жылда өңіріміздің білім беру саласына бөлінген қаражат 1 жарым есеге ұлғайып, 99 млрд теңгені құрады. Қомақты қаржының арқасында біршама оң өзгеріс орын алды. Мәселен, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100%-ға жетті. Ал 2 мен 6 жас аралығындағы ұл-қыздарды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 86,9%-ды құрады. Бүгінгі күні орта буынның дамуына да жан-жақты көңіл бөлінуде.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

Пандемия білім беру саласына да өзгерістер енгізгені мәлім. Орта буын оқушылары 1 жылға жуық уақыт қашықтықтан білім алды. Біздің басты мақсатымыз – олқылықтардың орнын толтырып, білім сапасын арттыру. Осы бағытта қазіргі күні бірқатар жаңа жоба іске асырылуда. Айта кетейін, түрлі қиындықтарға қарамастан, мектеп оқушыларының білім сапасын өткен жылдың деңгейінде сақтап қала алдық. Қазір бұл көрсеткіш 74 пайыздан асады.

Ал түлектердің орташа білім деңгейі 74,8 ұпайды құрады. Бұл өткен жылдық көрсеткіштен 5,1 пайызға жоғары. Ұлттық бірыңғай тестілеуді биыл алғаш рет электрондық форматта тапсырған жастардың 60%-ы грантқа түскен.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

Өңірде үш ауысымды және апатты мектептерді жою жұмыстары әлі де жалғасуда. Биылғы жаңа оқу жылында Петропавлда 900 орынға шақталған су жаңа білім ұясы қолданысқа тапсырылған болатын. Қазір Тайынша ауданының Вишневка ауылында 120 орындық мектептің құрылысы қызу жүріп жатыр. Ал алдағы уақытта облыс орталығында 1200 орындық және Тайынша қаласында 600 орындық нысандар тұрғызылатын болады.

Ағымдағы жылы облыстағы 52 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оның 26-сы – “Ауыл-ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы бойынша. Бұдан бөлек, білім беру объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бала құқықтарын қорғау бойынша шаралар кешені іске асырылып жатыр.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

12 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылды (сыртқы – 4605, ішкі – 7452). Биылғы жылы ұйымдарды дабыл түймелерімен қамтамасыз ету және жедел басқару орталығына қосу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Мектеп көліктерін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Соңғы 2 жылдың ішінде автобус паркі су жаңа 60 бірлік техникамен толықты. Келесі жылы ауылдық жерлердегі оқушыларды білім беру ұйымдарына жеткізу үшін тағы 29 темір тұлпар сатып алынбақ.

Дана Ешкенова