Білім

Мектеп оқушылары арасында республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі өтті

Олимпиада санаулы минуттардан соң бастау алады. Оқушылар орындарына жайғасып, тестілеуге дайындалып жатыр. Әр балаға мындай бланк берілді. Әдіскер ұл-қыздарға қағазды қалай дұрыс толтыру қажеттігін түсіндіруде.

Білім бәйгесіне 5-ші сынып оқушысы Кирилл Налимов те қатысуда. “Дарын” мектеп-лицейінің шәкірті қазақ тілі пәнін таңдаған. Ол мектепішілік және қалалық кезеңдерден сүрінбей, облыстық турға өтіп отыр.

Кирилл Налимов, “Дарын” мектеп-лицейінің оқушысы:

– Маған өзге тілдерді меңгерген ұнайды. Әсіресе, мемлекеттік тілді жетік білгім келеді. Сондықтан, осы бағытта өзімді жан-жақты дамытудамын. Биыл осындай деңгейдегі олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын. 2 кезеңде де тапсырмаларды еш қиындықсыз орындадым. Осы жолы да 1-ші орын аламын деген ойдамын.

Әне-міне дегенше республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі де басталып кетті. Бүгін ұл-қыздар математика, жаратылыстану, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және Қазақстан тарихы пәндері бойынша тест тапсыруда. Талапқа сай, оқушы жанына жақын бір пәнді ғана таңдай алады.
С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының 6-шы сынып оқушысы Алдияр Амангелді математика пәнін таңдапты. Ол өткен жылы да дәл осындай білім бәйгесіне қатысып, республикалық кезеңде 1-ші орынға ие болған. Бұл жолы да жеңістен дәмелі.

Алдияр Амангелді, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы:

– Мен мектепішілік және қалаішілік кезеңдерде математика пәнінен жоғары ұпай жинап, облыстық кезеңге келіп отырмын. Математика пәні маған қатты ұнайды, есеп шығарған кезде миым жақсы дамиды. Және логикалық есептерді ұнатамын.

Тапсырмаларды орындауға оқушыларға 1 сағат уақыт беріледі. Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-ші мен 6-шы сынып оқушылары арасында мұндай олимпиада өткен жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Білім бәйгесі 4 кезеңнен тұрады. Облыстық кезеңде үздік атанғандар республикалық турға жолдама алады.

Роза Сәркен, СҚО білім басқармасы білім саласындағы ақпараттық технологиялар мен әдістемелік жұмыс орталығының директоры:

– 1-ші кезең 12 қарашада өтті. Бұл турға 6721 бала қатысты. 2-ші аудандық, қалалық кезең 26-шы қараша күні өтті. Оған 1737 оқушы қатысты. 3-ші кезеңге 220 оқушы қатысып отыр. Оның ішінде 5-ші сынаптан – 108 оқушы, 6-шы сыныптан – 112 оқушы.

Айта кетейік, төртінші – қорытынды кезең желтоқсанның 13-і күні өтеді. Оған облыстық турдан сүрінбей өткен 16 оқушы қатыспақ.

Дана Ешкенова