Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлік саласындағы үздіктер марапатталды

Кәсіпкерлік саласындағы үздіктер марапатталды! Бүгін елорда төрінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.Алқалы жиынға мемлекет басшысы онлайн режимде қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылғанын, бұл мақсатқа 9 триллион теңгеден астам инвестиция жұмсалғанын атап өтті.

Оң өзгерістің арқасында 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады. Сонымен қатар Президент өнеркәсіп саласында білікті мамандардың жетіспейтініне ерекше назар аударды. “Бұл – индустрияландыру үдерісін тежейтін факторлардың бірі”,- деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасы Президенті:

– 2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс орнында оқыту, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен, әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет.

Эльмира Садвокасова