Құқық қорғау органдары

Ағайынды полицейлер

Ағайынды Аяғановтар – Есіл ауданына қарасты Бірлік ауылының тумалары. Ата-аналары Ғалымжан Маратұлы мен Күлжиан Сұлтанғазықызы 5 бала тәрбиелепті. Жанұядағы 2 қыз медицина саласын таңдаған екен. Ал ұлдар тәртіп сақшысы атану үшін оқуға түскен.

Ғалымжан Аяғанов:­­­­

– Өздерінің қалауларымен оқуға түсіп кетті. Алдымен үлкенім Қарағандыға барды. Одан кейін інілері сол жақта білім алды. Бүгінде Отан үшін қызмет істеп жатыр. Жақсы жағынан ғана естиміз. Қуанамыз.

Ағайынды үшеудің кенжесі – Асылбек Аяғанов. Облыстық полиция департаментінде қызмет ететін капитан – Тәуелсіздік құрдасы. Мүліктік қылмыстарды ашу бағытында жұмыс істейтін маман үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша “Өңірдің үздік жедел уәкілі” деп танылды. Ал ағайындылардың үлкендері Есіл ауданында еңбек етеді. Екеуі де – майор. Мұратбек криминалдық полиция бөлімшесін басқарса, Бірімжан – аға инспектор-кезекші.

Бірімжан Аяғанов, Есіл аудандық полиция бөлімінің аға инспектор-кезекшісі:

– Полиция қызметіне келуіме ағам Мұратбек себепкер болды. Ол 2004 жылы Қарағанды заң институтына оқуға түсті. 2007 жылы осы оқу орнына түс деп кеңес берді. 2011 жылы Бәдібек Бейсенбаевтың атындағы Қарағанды академиясын тәмәмдадым. Кейін Есіл аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалдым. Бұл қызметте 9 жыл істедім. 2020 жылдан бастап кезекшілік бөлімде инспектор лауазымында жұмыс істеймін.

Мұратбек пен Бірімжан да аудандық полиция бөлімінде үздіктер қатарында. Бір қызығы, олардың жарлары да тәртіп сақшылары.

Ерлік Есләмбеков, Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы:

– Екеуі де – майор. Екі қызметкердің жарлары да полиция офицерлері. Көші-қон қызметі тобында қызмет етеді. Бірімжанның жары – Бақытжан Кенжешқызы Аяғанова. Аға инспектор, майор шенінде. Мұратбектің жары – Передерей Наталья Васильевна. Ол да аға инспектор. Ағайынды қызметкерлер тек жақсы жағынан сипатталады.

Ағайынды үш жігіттің де бала-шағасы бар.

Байболат Култанов