Қылмыс

5 млн теңгеден аса қаржы интернет алаяқтардың қалтасында кетті

Облыста бір күнде 6 бірдей интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Оның екеуінде қулар өздерін «банктің қауіпсіздік қызметінің мамандары» ретінде таныстырған. Бұл – ең көп таралған ұрлық әдістерінің бірі дейді полиция департаментінің мамандары. Сөздерінше, тұтқаның ар жағындағы адамдар тұрғындарды «сіздің атыңызға біреу несие алды» немесе «біреу шотыңыздан ақша шешіп алмақ болды» деген жалған әңгіме айтып сендіреді.

Жуырда пысықайлар тағы бір айла-тәсіл арқылы Петропавл қаласының тұрғынының 2 жарым млн теңгесін жымқырып кетті. 35 жастағы нәзікжанды интернетте тұрмыстық техника сатамын деген хабарлама жариялаған екен. Сатушыға хабарласқан қу келіншек алдын ала төлем жасаймын деп оның картасының құпия сандарын сұрап алған. Үш санды білген соң оның депозиттік шотынан қомақты қаражат шешіп алған. Жалпы, өткен аптада интернет-алаяқтықтың салдарынан солтүстікқазақстандықтар 5 млн теңгесінен айырылып қалған.

Бердимурат Баймухан