Денсаулық сақтау

2-ші қалалық емханада 250-ден аса адам “Comirnaty” вакцинасын алды

Екатерина Миллер – 17 жаста. Студент №2 қалалық емханаға екпе алу үшін келіп отыр. Ол алдағы уақытта шекара асып, шет елде оқуын жалғастырмақ ниетте. “Ал «Комирнати» препаратын қойдырған адам әлемнің кез келген нүктесіне еш кедергісіз барады алады”,- дейді Екатерина.

Екатерина Миллер, студент:

– Егер мен «ҚазВак» немесе «Спутник» вакцинасын қойдырсам, онда ТМД елдеріне ғана қатынай аламын. Ал америкалық компания шығарған екпе Еуропа елдеріне де баруға мүмкіндік береді.

Емханаға Екатеринаның 13 жастағы сіңлісі Руслана да келіпті. Ол да медициналық тексерістен өткен соң, «Комирнати» вакцинасының алғашқы компонентін қойдырды.

Руслана Ильяс, оқушы:

– Анам және әпкеммен келісіп екпе қойдыруды шештім. Сыныбымда 18 оқушы бар. Олардың арасында мен ғана вакцина қабылдадым. Осы орайда достарымды да екпе алуға шақырамын.

Қыздардың анасы Анастасия Миллер де емханада жүр. Нәзікжанды медициналық тексеріс пен екпе егу кезінде балаларының қасында болып, барлық процесті қадағалады. Бұған дәрігерлер рұқсат етеді.

Анастасия Миллер, қала тұрғыны:

– Қыздарыма екпе қойдырдым. Бәрі жақсы өтті. Дәрігерлер сұрақтарымызға толық жауап берді. Қазіргі таңда аса сақ болу қажет. «Комирнати» – жіті тексерістен өткен препарат. Сондықтан, келісім бердік. Өзім жазда иммундалғам.

Жалпы, бүгінге дейін №2 қалалық емханада 250-ден аса адам АҚШ-тық препаратты қойдырған екен. Олардың басым бөлігі – жасөспірімдер.

Бегайым Мейманова, №2 қалалық емханасы директоры орынбасарының міндетін атқарушы:

– Біздің емханада 215 жасөспірім, 4 жүкті әйел мен бала емізіп жүрген 33 келіншек вакцина қабылдады. Күн сайын 12-18 кісіге екпе қоямыз. Бір доза 6 адамға арналған. Вакцина жеткілікті. Қазіргі күні 330 доза бар. Біздің базамызда екпе рұқсат етілетін аяғы ауыр 165 нәзікжанды тіркелген. Олардың 70-ке жуығы бала көтермей тұрып иммундау шарасынан өткен.

Соңғы деректерге сүйенсек, ел көлемінде «Комирнати» вакцинасының алғашқы компонентін 126 мыңнан аса қазақстандық қабылдапты. Олардың 3 мыңнан астамы – солтүстікқазақстандық.

Бердимурат Баймухан