Денсаулық сақтау

СҚО-да соңғы екі аптада коронавирус жұқтыру деңгейі 32% төмендеді

Соңғы екі аптада өңірімізде 1400-ге жуық жан тәж вирусын жұқтырған. Бұл көрсеткіш алдыңғы қос аптадағыдан 32 пайызға төмен. Аурудың төмендеуі облыстың барлық ауданында байқалады.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Соңғы 7 күнде 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші Қазақстан аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 98,4 құрады. Облыс 6 желтоқсаннан – «сары» аймақта.

“Аққайыңдар өлкесі қауіпті зонадан шыққанымен, жағаны жайлауға жіберуге әлі ерте”-, дейді мамандар. Бүгінде облыс стационарларында 460-қа жуық науқас ем қабылдауда. Оның 41-і жансақтау бөлімшесінде жатыр.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінде стационарларда ем қабылдап жатқандардың 65-67 пайызы – егде жастағы адамдар. Коронавирус инфекциясына көбінесе 60 жастан асқан қарттар шалдығып жатыр. Бұған себеп – иммунитеттің әлсіздігі, созылмалы аурулардың бар болуы. Пандемия басталғалы өңірде 383 адам тәж вирусынан көз жұмды. Олардың 90 пайызынан астамы – вакциналанбағандар.

Енді өңірдегі иммундау шарасына тоқталайық. Бүгінге дейін екпе егу науқанының толық курсынан 246 мыңнан астам солтүстікқазақстандық өткен. Бұл вакциналауға жататын халықтың 66%-ын құрайды.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Екінші апта бойы 12 жастан асқан жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді вакцинациялау жалғасуда. Барлығы 3085 адам егілді. Оның 2332 -жасөспірімдер, 676 – бала емізетін аналар, 77 – жүкті әйелдер. Екпе алғандардың барлығы өздерін қанағаттанарлық сезінеді, жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ. Сондай-ақ, ревакцинациядан 1678 адам қайта өтті.

Олег Завьялов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

– Егер балалар туралы айтатын болсақ, біз коронавирустың 4 сатысынан өттік. Алғашқы екі толқында балаларға тәж вирусы мүлдем жұқпаған. Ал 3-ші және 4-ші кезеңдерде біздің аруханада пациенттердің саны айтарлықтай өсті. Стационарда 60-70 ұл-қыз жатқан кездер де болды. Бүгінде 6 бала коронавирусқа қарсы ем қабылдауда. Айта кетерлігі, бұл ауруды кішкентай тұрғындар ауыр формада өткеруде.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Олег Завьялов ата-аналарды көп кешіктірмей ұл-қыздарына вакцина қоюға шақырды. Брифинг барасында тұрғындар мамандарға сұрақ қойды. Жаңажылдық ұжымдық кештер бола ма? Халықтан дәл осындай сауал көп түсті.

Айта кетейік, карантиндік талаптардың жеңілдетілуі тек 1-2 аптадан кейін өтетін ведомствоаралық комиссия отрысында қаралатын болады.

Дана Ешкенова