Денсаулық сақтау

Вакцина ана сүті арқылы балаға да таралады

№3 қалалық емхананың акушер-гинеколог дәрігері Айнұр Музеева жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға вакцина алу қауіпсіз дейді. “Себебі, «Комирнати» екпесі дәл осы санаттағы жандарға арналып жасалған. Оның құрамында індетпен күресетін матрицалық рибонуклеин қышқылы бар. Мұны шетелдік ғалымдар мойындап, рұқсат берді”,- деген пікірде солтүстікқазақстандық ақ халатты Айнұр Музеева.

Айнұр Музеева, №3 қалалық емханасының акушер-гинеколог дәрігері:

– Бұл вакцина дүние жүзі бойынша тексерістен өткен. Оған клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ, препаратты әлемдік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдады. 12 жастан асқан жасөспірімдер мен әйел адамдар қорықпай қойдырта алады. Бүгінге дейін екпе алғандардың ешқайсысында кері әсер байқалған жоқ.

Вакцина алған жүкті әйел өзімен қоса құрсақтағы баланы да вирустан қорғай алады. Сәби өмір есігін ашқанда бойында инфекцияға қарсы иммунитет болады екен. Бұл дегеніміз, ана да, перзент те қауіпті дертпен күресуге қауһарлы келеді.

Айнұр Музеева, №3 қалалық емханасының акушер-гинеколог дәрігері:

– Антиденелер құрсақтағы сәбидің бойына тарайды. Бұл процесс тамақтану арқылы да беріледі. Мысалы, бала емізетін әйел вакцина қойдырса нәрестеге антивирустық препарат сүт арқылы жетеді. Осылайша, инфекциядан қорғанады. Екпенің бұл түрі адамды вирустан, пневманияның ауыр түрлерінен қорғап, өлімнің алдын алады.

Жалпы, бүгінде №3 қалалық емханада 28 жас ана, 3 жүкті әйел «Комирнати» вакцинасының алғашқы компонентін қабылдаған.

Бердимурат Баймухан