Денсаулық сақтау

СҚО-да 246 мыңға жуық адам вакцинациядан өткен

Коронавирус, әсіресе, балалар мен қарттардың өміріне үлкен қауіп төндіруде. Одан сақтанудың жалғыз жолы – әлемдік деңгейдегі мамандар ұсынып отырған – вакцинация. Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан жерлесіміз Федор Коваленко да иммундау шарасынан өту керектігін айтады. Зейнеткер екпе алып, салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында аты жаман аурумен ауырмағандығын айтады.

Федор Коваленко, қала тұрғыны:

Коронавирус белең алған кезде бойды үрей биледі. Қоғамдық орындарға бір жыл бойы барған жоқпын. Ойлай берген соң ба, иммунитетім де төмендей бастады. Одан соң өзімді сергітіп, денсаулығымды нығайту үшін күнде серуендеуге шығатын болдым.

Федор Федорович вакцинацияның толық курсынан сәуір мен мамыр айларында өткен екен. Таңдауы Ресейде әзірленген “Спутником V”-ге түсіпті. Ақпанда екпенің 3-ші компонентін де салдыруды жоспарлап отыр.

Федор Коваленко, қала тұрғыны:

– Екпенің алғашқы компонентін қабылдаған кезде ыстығым көтерілген жоқ. Өзімді жақсы сезіндім. Ал екінші дозадан кейін аздап әлсіздік байқалды. Бірақ, денсаулығыма зияны тиген жоқ. Керісінше иммунитетім күшейген сияқты. Тұмаумен де ауырған жоқпын.

Вакцинаның пайдасын сезінген Федор Коваленко құрдастары мен туыстарын да екпе алуға шақырған екен. Себебі, әр адам осындай қиын заманда өзінің ғана емес, өзгенің де денсаулығын ойлап, жанашырлық танытуы тиіс дейді зейнеткер.

Маржан Касымбек