Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасының “Тәуелсіздік тағылымы” мақаласы жарық көрді

Елбасы өз мақаласында алдымен Тәуелсіздіктің қазақ халқы үшін қаншалықтың маңызды екеніне тоқталды. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылған ұлан-байтақ жерімізді ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалды. Қиын-қыстау кезеңдер 20-шы ғасырдың алғашқы жартысында да жалғасты. Азапты жол 91-де аяқталды. Кеңес үкіметі құлдырап, картада Егеменді Қазақстан Республикасы құрылды. 30 жылдың ішінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында ел шекарасы шегенделіп, тереземіз теңесті.

Бейбіт Әбілев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Әр ел үшін өзінің жерін сақтап қалу маңызды. Сондықтан, бірден шекара мәселесі көтерілді. Ресей Федерациясымен арадағы шекара – 7500 шақырым, Қытаймен – бір жарым мыңдай. Сондықтан, бірінші басшыларымен келісіп, Президенттің парасаттылығының арқасында өз жерімізді ақылмен бекітіп алдық.

Мақалада Н.Назарбаев тәуелсіз елді құру барысындағы туындаған мәселелер мен алға қойылған басымдықтар жөнінде де баян етті. Мақсаттарының бірі – құлдыраған экономика, медицина, білім салаларын қайта аяққа тұрғызу еді. Ол үшін Елбасы даму стратегиясын қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан РеспубликасыныңТұңғыш Президенті – Елбасы

– Біз әлемдік тәжірибені қорытып, өз ерекшеліктеріміз бен мүмкіндіктерімізді ескеріп «Қазақстан – 2030» стратегиясын түздік. Онда белгіленген межелі көрсеткіштерді мерзімінен бұрын орындаған соң халықтың қолдауын тапқан «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жасадық. Әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар «Қазақстан жолы» деп жоғары баға берген ұлт дамуының даңғыл жолының өзегін дәл осы қос стратегия құрайды.

Қазақстан Республикасы өз еркімен атом қаруынан бас тартты. Осылайша, бүкіләлемдік ядролық қарусыздану көшін бастады. 1998-де Сарыарқаның төрінде, Еуразияның жүрегіне айналған жаңа Елорданы тұрғызды. Мемлекеттік өнеркәсіп базасы дамыды. Бүгінде республика аумағында бұрын-соңды өндірілмеген автобус, автомобиль, теміржол вагондары, трансформаторлар және басқа да 500-ден аса тауар түрі шығарылады.

Анатолий Корабельников, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Н.Назарбаев барша әлем тәжірибесін жіті зерттеді. Ауқымды саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Сондықтан, ел дамуына қатысты шешімдерді уақытылы қабылдап отырды. 1993-ші жылы теңгеміздің айналымға енгізілуі соған дәлел. Тұңғыш Президент болашақ ұрпақтың тарылмауы үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтап, оған мол қаржы жинады. Нәтижесінде қаражат пандемия кезінде үлкен көмек болды.

30 жылдың ішіндегі алған асуларымыз бен белестеріміз көп. Оның барқатарын Елбасы Н.Назарбаев кейінгі ұрпақ үшін жіпке тізді. Алдағы уақытта ардагерлер кеңесі дөнгелек үстелдер ұйымдастырып, мақала маңыздылығын жастар арасында түсіндірмек ниетте.

Эльмира Садвокасова