Денсаулық сақтау

83 жастағы зейнеткер коронавирусқа қарсы вакцина алды

Вера Козлова өмірінің 41 жылын медицина саласына арнаған. Петропавл теміржол ауруханасында акушер болып еңбек етіпті. 20 жыл бұрын еңбек демалысына шыққан. 80-нің сеңгіріне шыққан зейнеткер салауатты өмір салтын ұстанады. Таңертең жаттығуларын жасайды, таза ауада серуендейді.

Вера Козлова, қала тұрғыны:

Мен өмірі тұмаумен аурып көрген емеспін. Жөтел де, ангина да болмапты. Себебі, гриппқа қарсы вакциналардың барлығын уақытылы алып отырдым. Жасым 83-ке келді. Осы жолы коронавирусқа қарсы екпе қойдырдым.

Вера Ивановна ресейлік “Спутник V” вакцинасын таңдапты. Алғашқы дозасын қазанның 27-сі қабылдаса, екінші компонентті қарашаның 17-сі алған. Екі екпеден кейін де кері әсер байқалмапты. Зейнеткер өзін жақсы сезінеді. Енді адам көп шоғырланған дүкенге де қорықпай баруға болады дейді.

Вера Козлова, қала тұрғыны:

Иммундау шарасынан толығымен өткен соң қолыма вакцинация паспорты берілді. Енді қорықпай баратын жеріме бара аламын. Жалпы, менің пікірімше, қазіргі қауіпті вирусты екпенің көмегімен ғана жеңуге болады. Сондықтан, жерлестерімді, қатарластарымды вакцина салдыруға жауапкершілікпен қарап, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығын сақтауға өз үлесімізді қосуға шақырамын.

Бүгінге дейін солтүстікқазақстандықтардың 244 мыңнан астамы иммундау шарасының толық курсынан өткен. Егде жастағыларға келетін болсақ, өңірде 134 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Қазіргі таңда олардың 46 пайызы екпе алған.

Дана Ешкенова