Қоғам

“Ten Qogam” мобильді қосымшасының демо-нұсқасы таныстырылды

Осыған дейін мүгедектігі бар жандар мемлекеттік қызмет түріне қол жеткізу үшін бірнеше сайтты ақтарып, оның өзінде керегін толықтай таба алмайтын. Енді бұл проблема біржақты етілді десе де болады. Өйткені, «Ten Qogam» қосымша арқылы үйде отырып, телефонның көмегімен қажетті құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бар. “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жетекшісі Ақжан Кәрім карантин уақытында кембағал жандардың әлеуметтік қызмет түрлеріне қолы жетпей, біраз қиналғанын көріпті. Содан осындай тың жобаны қолға алған.

Ақжан Кәрім, “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жетекшісі:

– Мобильді қосымшаның орыс тіліндегі нұсқасы дайын болып қалды. Қазір қазақ тіліндегі нұсқасын жасап жатырмыз. Айта кетейін, «Ten Qogam» жобасы көзі нашар көретін жандар үшін де ыңғайластырылып дайындалды. Өйткені, бұл жайт кейбір сайттарда ескерілмей жатады. Тағы мобильді қосымшада кембағал адамдардың құқығы мен оларға қатысты жаңалықтар да жарияланып отырады.

Заман игілігі түрлі жас категориясына арналып әзірленген. Мәселен, студенттер қосымшаға кіріп, жоғары оқу орындарында өздеріне қарастырылған жеңілдікпен таныса алады. Тіпті, қашықтықтан пайдалы курстарға қатысу мүмкіндігі де бар.

Сандуғаш Молдағалиева, Қозыбаев университетінің студенті:

– Мобильді қосымшамен жіті танысып шықтым. Тиімді тұстары көп. Өзімнің ұялы телефоныма жүктеп аламын. Мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп жатады. Енді азаматтар үшін әлеуметтік қызметтер бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қолжетімді болады деп ойлаймын.

Мүгедектігі бар жандар «Ten Qogam» мобильді қосымшасын “Play Market” арқылы жүктей алады. Сонымен қатар, компьютер қолданушылары үшін арнайы сайт та әзірленіп жатыр.

Алтынай Казиканова