ТКШ

Шаһар тұрғындары электрондық билеттеу жүйесіне шағымдануда

“AlemPay” компаниясы Петропавл нарығына 2020-да келді. Өткен жылдың желтоқсан айынан серіктестік жергілікті жолаушы тасымалдаушылармен келісімшартқа отыруға кірісті. Осылайша төлемді электронды түрде қабылдайтын алғашқы терминалдар пайда болды. Бүгінде мұндай құрылғылар шаһар автобустарының бәріне орнатылған. Жол ақысын арнайы карта, банк картасы, смс, QR-кодпен төлеуге мүмкіндік бар. Жаңа жүйеге тұрғындар оң бағасын беріп жатыр. Бірақ, кейде терминал жолаушыдан 80 теңгенің орнына 160 теңге ұстап қалады екен. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде осындай мазмұндағы шағымдар жиіледі.

Сергей Цой, “AlemPay” компаниясының бас директоры:

– Электрондық жүйенің жұмысын біржақты еттік. Бірнеше мәрте тексерістен өтті. Соның өзінде терминал төлемді екі рет қабылдап жатса, бұған банктерде жүргізілетін техникалық жұмыстар себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жолаушыларға өтініш жазуға кеңес береміз. Компания қызметкерлері арызды жіті тексеріп, қаржы ұйымы арқылы қаражатты қайтарып береді.

Ол үшін Жамбыл Жабаев көшесі, 174 мекен жайы бойынша орналасқан кеңсеге жүгінуге болады. Сондай-ақ, төлем картасының артында көрсетілген call-орталық пен автобустарда ілінген диспетчерлік қызметтің нөміріне хабарласу қажет дейді мамандар. Тұрғындардың жиі көтеретін екінші сұрағы автобустардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін қосымша турасында. Электрондық билеттеу енгізілгелі Infobus-тың қызметі тоқтап, оның орнын “SMS BUS пассажир” басты.

Сергей Цой, “AlemPay” компаниясының бас директоры:

– Автобустың қозғалысын AlemPay.kz cайты және арнайы қосымшаның көмегімен көруге болады. Бірақ, тек бір маршрутты таңдау қажет. Бұл тұрғындар үшін ыңғайсыз. Сондықтан, алдағы уақытта бағдарламаны жетілдіреміз.

Арнайы қосымшадан бөлек, автобустың қашан келетінін электрондық табло арқылы көруге болатын еді. Бірақ, қазір қаланың орталық аялдамаларында орналасқан құрылғылар сөніп тұр.

Айдын Мәкенов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Қала бойынша 31 электрондық табло орнатылған. Оның операциялық жүйесі істен шыққандықтан, жұмысы тоқтады. Қазір тендер ойнатып, басқа компанияны іздестіріп жатырмыз. 2022 жылы қайта қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, мамандар жол ақысы үшін қолма-қол есеп айырысатын жандарға жүргізушіден касса түбіртегін талап етуге кеңес береді. Әйтпеген жағдайда жүргізуші қаражатты өз қалталарына басуы мүмкін.

Эльмира Садвокасова