Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде 3 млн 200 мың құсқа вакцина салынды

Облыс аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында
жыл сайын профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Нақтырақ айтатын болсақ, төрт түліктің арасында тарайтын қауіпті індеттердің алдын алу мақсатында жануарларға екпе қойылады. Препарат аса қауіпті 9 және 4 экзотикалық ауру түрлеріне қарсы салынады. Мәселен, жыл басынан бері аса қауіпті ауруларға қарсы 1 млн 824 мың малға вакцина егілген.

Берік Әлжанов, СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Энзоотиялық аурулардың алдын алу бойынша көктем-күз айларында 377 мыңнан астам бас ірі малға вакцина салынды. Сондай-ақ, 915,1 мың жануар бруцеллезге тексерілді. Уақытылы және сапалы жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың арқасында төрт түліктің арасында жұқпалы аурулардың төмендегені байқалады.

Биыл 561 ірі қара малдан бруцеллез анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 500 жағдайға аз. Сонымен қатар, осы жылы 3 мүйіздіден – туберкулез және 29 бастан лейкоз табылған. Індетке шалдыққан жануарлар санитарлық союға өткізіліп, тиісті дезинфекциялық шаралар жүргізілген. Берік Әлжановтің айтуынша мал иелеріне өтемақы берілген. Айта кетейік, бұған дейін карантинге жабылған 7 елді мекенде бүгінде айықтыру іс-шаралары аяқталды. Бірақ, Пеньково мен Шаховское ауылдарында бруцеллезге байланысты шектеулер әлі күшін жойған жоқ. . Брифинг барысында құс тұмауына қарсы жүргізілген іс-шаралар жайлы да айтылды.

Берік Әлжанов, СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Өткен жылғы жағдайды ескере отырып, 2021 жылы құс тұмауына қарсы вакциналау жұмыстарының көлемі кеңейтілді. Осының арқасында биыл 3 млн 200 мың қанаттыға екпе егілді. Ағымдағы жылы құс тұмауы М. Жұмабаев ауданына қарасты Лебяжье ауылында және Тимирязев ауданындағы Дружба елді мекенде ғана тіркеліп отыр.

Сондай-ақ, биыл қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға облыс бюджетінен қыруар қаржы бағытталған. 11 айда 14 жарым мың ит пен 500-ге жуық мысық ауланған.

Дана Ешкенова