Денсаулық сақтау

№1 қалалық емханада «Pfizer» екпесін 200-ге жуық адам қабылдаған

24 жастағы Сапаргүл Уәлихан – декреттегі ана. Бұрын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен екен. Перзентінің жасы 1-ден асқандықтан жуырда сүйікті ісіне оралуды көздеп отыр. Келіншек абайсызда коронавирус жұқтырып, оқушылары мен жақындарының денсаулығына қауіп төндіруден қорқады. Сондықтан, бүгін вакцина алуға келіпті.

Сапаргүл Уәлихан, қала тұрғыны:

– Дәрігер хабарласқан кезде қандай вакцина екендігін сұрадым. Негізі, ол жайлы интернеттен де қарап жүргенмін. Күйеуіммен ақылдасып, осында келдім. Алдағы уақытта жұмысқа түсетін болсам вакцина бәрібір қажет болады. Балалармен жұмыс жасағанда көмегі тиеді. Сондықтан, екпе егуді ұйғардым.

Ал Екатерина Бессмертных – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті. 17 жастағы жерлесіміз иммундау шарасының маңыздылығын түсініп, әке-шешесінен екпе алу жайлы рұқсат сұрапты. Қыздарының шешімін ата-анасы бірден қолдаған екен.

Екатерина Бессмертных, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

Жасөспірімдерге вакцина салдырған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, біз қоғамдық орындарға жиі барамыз. Серуен құрып жүргенде вирус жұқтырып алуымыз әбден мүмкін. Құрбыларымның басым бөлігі індетке шалдығып, бүгінде ауырып жатыр. Сондықтан, екпе қойдырып, инфекциядан қорғануға келдім.

Жіті тексерістен кейін дәрігерлер Екатеринаға «Pfizer вакцинасын салды. Иммундау шарасы аяқталған соң студент 30 минут бойы мамандардың бақылауында болды. Медицина қызметкерлері екпе қойдырған жандармен бұдан кейін де байланысты үзбейді. Олар 3 күн хабарласып, иммундалушының жағдайын біледі.

Светлана Давыдова, №1 қалалық емхананың дәрігері:

– Вакцина алған тұрғындарға хабарласып, жағдайын біліп тұрамыз. Қажет жағдайда ақыл-кеңесімізбен бөлісеміз. Иммундау шарасынан өткен жандардың басым бөлігінің температурасы көтерілді. Одан өзге кері әсерлер байқалған жоқ.

Жалпы, №1 қалалық емханаға Америкада әзірленген екпенің 516 дозасы әкелінген.

Светлана Давыдова, №1 қалалық емхананың дәрігері:

Бүгінге дейін емханада «Pfizer» вакцинасын 180-ге жуық адам салдырды. Оның 117-сі – жасөспірімдер. Ал қалғаны – бала емізетін әйелдер. Сонымен қатар, біз 1 болашақ анаға екпе қойдық.

№1 қалалық емханада иммундау шарасына жататын 4 жарым мыңға жуық жасөспірім, жүкті және бала емізетін әйел тіркелген екен.

Маржан Касымбек